Қызылордада мас жүргізуші өз автокөлігін ұрлап кеткен
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында ұйымдастырылып жатқан «Автокөлік» жедел профилактикалық іс-шарасының үш күнінде Қызылорда облысының Полиция департаментімен автокөлікті заңсыз иемдену дерегі бойынша республика аумағында іздеуде жүрген 1 адам облыс орталығында ұсталды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200 бабына сәйкес, автокөлікті жымқыру мақсатынсыз заңсыз иемденудің 3 дерегі тіркеліп, қылмыс жасаған күдікті тұлғалармен автокөлікті анықтау мақсатында облыс бойынша «Тосқауыл» арнайы іс-шарасы жарияланды.
Нәтижесінде, аталған қылмысты жасаған тұлғалар дер кезінде полиция қызметкерлерімен құрықталып, ұрланған автокөліктер иелеріне қайтарылды.
Атап айтқанда, Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 17 тамыз күні кенттегі көшелердің бірінде 29 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы «ВАЗ- 2107» автокөлігін тоқтатып, жүргізушінің алкоголь өнімін ішіп басқарып жүргендігін анықтаған. Сараптама қорытындысымен «орта» дәрежелі масаң күйде жүргендігі үшін ҚР-сы ӘҚБтК-нің 608 – бабының 1 – бөлігінің талабына сай хаттама рәсімделіп, автокөлік автотұраққа қойылған.
Сол күні сағат 23-45 шамасында «102» арнасына хабарлама түсіп, белгісіз біреу автотұрақтың есігін бұзып, айдап кеткендігі жайлы хабарлаған. Аталған хабарлама бойынша оқиға орнына барған қызметкерлер аталған автокөліктің ішіп ұсталған азаматқа тиесілі екендігін анықтаған.
«Тосқауыл» арнайы іс-жоспары іске қосылып, полиция қызметкерлерімен автокөлік кент көшелерінің бірінде анықталып, қайта автотұраққа қойылды.
Күдікті өз жауабында істеген әрекеттерін масаң күйде жасағандығын толық мойындаған. Қазіргі таңда осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Іс-шара жалғасын табуда.