Сермағамбетов тапсырмалары орындалып жатыр ма?
Kyzylorda-news.kz. Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өткізілді. Мәжілістің күн тәртібінде маңызды деген екі мәселе жан-жақты талданды.
Бірінші мәселе – аудан басшысының елді мекендерді аралау барысында берілген тапсырмалардың орындалуы бағытында өрбіді. Аталған мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрмұхамед Бохаев сөз алып, берілген тапсырмалардың орындалу барысының жай-күйін баяндап өтті.
Нақтырақ тоқталсақ, бүгінгі күнге дейін аудан әкімінің Арал қаласындағы және елді мекендерге жасаған жұмыс сапары барысында көтерілген өзекті мәселелер бойынша арнайы іс-шара жоспары жасақталып, жауапты тұлғалар бекітілген. Іс-шара жоспары бойынша жасақталған 228 ұсыныс-пікірлердің бүгінгі күнге дейін 33-і оңтайлы шешімін тапса, 111-і орындалу үстінде және қаржы бөлуді қажет ететін 49 мәселеге бюджеттік өтінім тапсырылып, нәтижесі күтілуде.
Ал, әлі күнге дейін орындалмаған тапсырмалар санатында 35 мәселе қалыптасқан. Бұл жөнінде хабарламашы әр мәселеге жекелей тоқталып, тапсырмалар созбалаңға салынып, іс жүзінде нақты жұмыстар қолға алынбай отырғанын жеткізді. Соған сәйкес аудан басшысы тапсырмаларға тікелей жауапты сала басшыларының жұмысын сынға алып, бірінші кезекте халық тарапынан түскен ұсыныс-пікірлердің оңтайлы шешілуіне білек сыбана кірісу керектігін айтты. Егер тапсырмалар өз мәнінде орындалмаған жағдайда тәртіптік жауапкершілігі қаралатындығын қатаң ескертті.
Жиын барысы одан әрі күн тәртібіндегі екінші мәселеге ойысып, орындаушылық тәртіптің жай-күйі кеңінен сараланды.
Екінші мәселе бойынша да аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Бохаев баяндама жасап, орындаушылық тәртібіне немқұрайлық танытып келген бірқатар дербес бөлімдер мен әкімдіктердің кемшіліктерін талдап өтті.
Осы ретте аудан басшысы 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі қолданысқа енгізілгендігін еске сала отырып, орындаушылық тәртіптің регламентіне аса жауапкершілікпен қарудың маңыздылығына тоқталды.
Одан әрі орындаушылық тәртібі бойынша кемшілікке жол берген салаларда келіп түскен тапсырмаларға бақылаудың жоқтығы мен талаптың әлсіздігі белең алып отырғанын тілге тиек етіп, бірқатар мамандардың тәртіптік жауапкершілігін қарау жөнінде нақты тапсырма берді. Соның ішінде бірқатар ауылдық округтердің аудан орталығында жүрген мамандары мен есепшілерінің жұмысын қатаң сынға алып, Беларан, Атанши және Құланды ауылдық округтерінен өзге округтерде жергілікті жерде жұмыс жасауға толық мүмкіндіктер бар екендігін баса айтып, екі апта мерзімде кемшіліктерді реттеу жөнінде әрі қызметкерлердің жұмысын қатаң бақылауға алу жөнінде аудан әкімі аппаратының басшысына тапсырма берді. Бұдан бөлек алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілердің жалақысы өсетіндігін де жеткізген аудан басшысы, соған сәйкес талаптың да күшейетіндігін ескертті.
Мәжіліс соңында әлеуметтік желі бойынша тұрғындар тарапынан келіп түскен ұсыныс-пікірлер бойынша кері байланыс орнатудың маңыздылығын айтып, ашықтықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күшейту керектігін тапсырды.
Күн тәртібіне қойылған мәселелерді пысықтай келе аудан әкімі орынбасарларына, дербес бөлім басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне тиісті тапсырмалар жүктеді.