Қызылордада 30 кәсіпкерлік нысанда сотталғандар жұмыс жасайды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/4 мекемесінің әкімшілігі сотталғандарды жұмыспен қамтуда көптеген игі шараларды жүзеге асыруда. Мекемеде жазасын өтеп жүрген азаматтарды жұмыспен қамту, жаңа жұмыс көздерін ашу мақсатында жеке кәсіпкерлермен әріптестік қарым-қатынас орнатылуда. Соның нәтижесінде мекемедегіжазасын өтеушілердің 77,7 пайызы жұмыспен қамтылған.
Жуырда мекеменің сотталғандарды жұмыспен қамту қызметкерлері 3 сотталғанды Қызылорда қаласындағы «Сыр жиһазы» кәсіпорнына жұмысқа орналастырды.
Цехта жұмысшылармен қатар бас бостандығынан айырылғандар да ағаштан түрлі бұйымдар, есік, терезе, жиһаздар жасайды.
Жазасын өтеуші Бақытбектің айтуынша, мамандығы ағаш ұстасы болған соң, онымен жұмыс жасау қиындық тудырмаған.
«Бала күнімде әкемнің жанында жүріп, үйренгенім көп болды. Жалпы ағаштан түйін түйіп, ерекше бұйым дайындау шыдамдылықты, төзімділікті талап етеді. Айлық жалақымыз да уақытылы», – дейді сотталған азамат.
Мекеме бастығының міндетін атқарушы әділет подполковнигі Айбол Махашевтің айтуынша, қазіргі таңда 30 кәсіпкерлік нысанда келісім-шарт негізінде сотталғандар жұмыспен қамтылған. Олардың айлық табысының 50 пайызы мемелекетке, жеке тұлғаға келтірген шығындарын төлейді. Ал қалған бөлігін өздеріне, отбасыларына жаратады. Алдағы уақытта жазасын өтеушілерді көбірек еңбекке тартып, 100 пайыз жұмыспен қамту жоспарланған.