Ипотека алу үшін жәрдемақы есептеле ме?
Kyzylorda-news.kz. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына берген жауабында ипотека алушының төлем қабілетін тексерген кезде жәрдемақы неге есептелмейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламасына қатысу үшін отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген шамасынан аспауға тиіс. Қарыз алу үшін негізгі талаптардың бірі еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен соңғы 6 айда кіріс түсіп тұрған боулы керек. Сонымен қатар, азаматтар ипотекалық қарыз алуға өтінім берген кезде қарыз алушының төлем қабілетін тексеру жүргізіледі. Оның аясында жәрдемақылар негізгі кіріс ретінде есепке алынбайды», – деп жазды Роман Скляр депутаттық сауалға берген жауабында.
Оның түсіндіруі бойынша, азаматтарға жәрдемақы тіршілік етіп, денсаулығын күту үшін (тамақтану, емдеу, оңалту шараларына қатысу және т.б.) қолдау үшін тағайындалады және қарыздарды өтеуді көздемейді.
«Бұл ретте, «Отбасы банк» АҚ-ның ішкі әдістемесі бойынша жәрдемақылар кандидаттың төлем қабілетін бағалау кезінде қосымша табыс ретінде қабылданады, бұл өз кезегінде қарыз бойынша шешім шығару кезінде оң әсер етеді. Сонымен қатар кезекте тұрғандардың осы санаты коммуналдық тұрғын үй қорынан жалға берілетін тұрғын үй алуға үміткер бола алады», – деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары.
Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасы бойынша тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, соның аясында жалға берілетін тұрғын үйді қаржыландыру тетігін қайта қаралатынын атады.
«Жалға берілетін тұрғын үй құрылысынан қаражатты табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен кезекте тұрғандар үшін жалға алу төлемін субсидиялауға қайта бағыттау көзделуде. Бұл кезекте тұрған 10 мың адамның орнына 100 мың адамды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Роман Скляр.