Қызылорда: 9 айда 143 келі есірткі заты тәркіленді
Kyzylorda-news.kz. Қызылордалық полицейлер биылғы жылдың 9 айында 169 есірткі қылмысын анықтады. Оның ішінде есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың – 12, есірткі сатудың – 21, есірткі өсірудің – 43, есірткі жарнамалаудың- 2 дерегі және есірткімен байланысты қылмыстық теріс қылықтардың 90 дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан барлығы 143 келі 30 грамм есірткі заты тәркіленсе, оның 352 грамм синтетикалық есірткі құралы.
Жыл басынан атқарылған іс-шаралар нәтижесінде Қызылорда облысы көлемінде есірткі насихаттау және жарнамалаудың 2 дерегі анықталып, Қызылорда қаласының 20 жастағы әйел азаматшасы ұсталып, тергеу әрекеттері кезінде өзінің көрсетуімен 110 граффити суреттер жойылды.
Сонымен қатар, әлеуметтік желі арқылы синтетикалық есірткіні Қызылорда қаласында таратудың 2 дерегі анықталып, Атырау және Семей қалаларының тұрғындары құрықталды. Тінту әрекеттері кезінде олардың қала орталығынан жалдаған пәтерлерінен, сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы тапсырыс қабылдап, жасырып қойған нүктелерінен жастар арасында «мефедрон», «эфедрон», «PVP» атауымен танымал синтетикалық есірткі құралдары заттай дәлелдеме ретінде алынды.
Есірткі қылмысына қарсы іс – қимыл басқармасының бастығы полиция майоры Тұңғышбай Еркіннің айтуынша, ағымдағы жылдың 4 қазан және 30 қараша аралығында өткізіліп жатқан «Рефлекс» жедел профилактикалық іс-шарасының барысында синтетикалық есірткі сақтаудың 3 дерегі анықталды.
Сонымен қатар, «Қызылорда облысы аумағында 2021 жылдың 1 маусым – 30 қазан аралығында «Қарасора-2021» арнайы жедел профилактикалық іс-шарасы да өткізілуде.
Іс-шара кезінде есірткі өсірудің 43 дерегі анықталса, оның 16 дерегі далалық аймақтан, 27 дерегі үй ауласы, саяжайдан табылды.
Есірткі өсіргені үшін барлығы 52 тұлға ұсталса, оның 30-ы қамаққа алынды. Оқиға орнынан барлығы 14 мың 360 түп сора өсімдігі жойылды.