Сырдариялық «Сәдуақасовтар» облыстық отбасылық ансамбльдердің байқауында топ жарды
Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қазалы аудандық мәдениет орталығында күйші, қобызшы, музыкант Махамбет және Романқұл Әуезовтер атындағы облыстық байқауы өтті. Байқауға Қызылорда қаласы мен Арал, Шиелі, Жаңақорған, Сырдария аудандарынан келген халықтық отбасылық ансамбльдері қатысты.
Байқаудың ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, «Әуезовтер» халықтық отбасылық ансамблінің жетекшісі, ҚР мәдениет саласының үздігі, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Арман Әуезді 55 жасқа толған туған күнімен құттықтап, игі тілегін жеткізді.
Дарынды отбасылардың өнерін Қазанғап атындағы Қызылорда жоғары музыкалық колледжінің аға оқытушысы Төлеген Кәденов, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, ҚР «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері Сәукен Әліш, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім меңгерушісі Гүлжан Байзақовалар сарапқа салды.
Облыстық байқаудың жеңімпазы болып Сырдария ауданынан келген «Сәдуақасовтар» отбасылық ансамблі танылды. Бұл өнерлі отбасы 2019 жылы өткізілген жарыста да топ жарған болатын.
Екінші, үшіншіорындарды Арал ауданының «Кәдірқұловтар» мен шиелілік «Смайловтар» халықтық отбасылық ансамблі өзара бөлісті.
Ал, «Айсыновтар» отбасы«Көрермен көзайымы», «Бидашовтар» отбасы «Ізденпаз отбасы», «Қожабаевтар» отбасы «Өнерлі отбасы» номинацияларына ие болды.