Бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған жалағаштық кәсіпкер кәсібін кеңейтпек
Kyzylorda-news.kz. Бірнеше адамға жұмыс беріп, халқына адал қызмет етіп отырған кәсіпкерлердің бірі Жалағаш ауданының тұрғыны – Ахмет Күзенбаев. Ол осыдан 3 жыл бұрын KMF микроқаржы ұйымының аудандық филиалынан 8 млн теңге алып, оның 6,5 миллионына аудан орталығынан бос жатқан жер телімін сатып алған. Ол жерде құрылыс бастап, көп ұзамай үлкен қызы Айткүл Ахметқызы сұлулық салонын ашқан.
«Осыдан бірнеше жыл бұрын бастаған ісіміздің жемісін көріп жатырмыз. Кәсіп бастау үшін тиісті қаражатқа банктер арқылы қол жеткізу қиынға соқты. KMF-тің қолдауымен жұмысты бастап кеттік. Әрқайсымыз күніне кем дегенде 15-20 мың теңге табамыз. Мұнда барлығы 7 адам жұмыс істейді. Қазір 2 орынды жалға беріп отырмыз», – дейді Айткүл Кеңес.
Сұлулық салонының бір бөлігін Күзенбаевтар азық-түлік дүкеніне айналдырып, кент орталығынан тағы бір үлкен дүкен ашуды жоспарлапты. Алайда қомақты қаражаттың жоқтығы қолбайлау болады. Ол KMF-тің аудандық филиалына барып, бұл ойымен бөліскенде филиал қызметкерлері кәсіпкерді тағы да қаржылай қолдауға дайын екенін жеткізеді.
«Жуырда тағы 10 млн теңге алдым. Қазіргі таңда аудан орталығынан тағы бір сауда орнын ашу үшін құрылысты бастап кеттім. Бұл жобамның болашағы жарқын екеніне сенемін. Оған да KMF басты себеп болды. Жалпы отбасылық бизнесті бастауымызға осы микроқаржы ұйымы үлкен көмек берді.» – деген кәсіпкер KMF микроқаржы ұйымына алғысын білдірді.