Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Әскердегі былық: Аралда әскерден оралған жігіт есінен алжасқан

Әскердегі былық: Аралда әскерден оралған жігіт есінен алжасқан

Kyzylorda-news.kz. Арал ауданының тұрғыны әскерге кеткен баласының ақылынан алжасып келгенін айтып жанұшырды, деп хабарлайды Stan.kz.

Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен 19 жастағы жігіт қазір жақындарын мүлдем танымайды.

Есінен адасқан сарбаз қойылған сұрақтарға жауап бере алмайтын халге жеткен. Тіпті өз әкесіне де қол көтеріп жүр. Ашынған ата-ана мұның бәріне әскери қызметкерлер кінәлі дейді.

Әскерден оралғанына 3 күн болған Ренат Жеткергеновтің қазіргі жағдайы осы. Отбасынан тыныштық кеткен. Күндіз-түні айқайлап, жақындарының мазасын алады. Үйде тұрған заттарды жан-жаққа лақтырып, қиратып жатқан көрінеді. Тыныштандыруға тырысқан әкесі де баласынан бірнеше рет таяқ жеген.

“Cіздерден сұрайтыным, сержанттарын менің алдыма алып келіңіздер. Сап-сау баланы ауру қылып, мынадай қылып әкеп тастағаны үшін жауап берсін. Офицер Мәліков Әлімжан, Көпжан деген сержанттарды менің алдыма әкелулеріңізді сұраймын”, – деп ашынды сарбаздың анасы Айғаным Ізбасарова.

Ашынған әжесі де немересін осы күйге түсіргендер жазасын алуын сұрайды. Сап-сау кеткен баласын емдетіп беруді талап етіп отыр.

“Қандай күйінде алып кетті, сондай күйінде әкеліп берсін әскери бөлімі. Ол жердегілер не істеп отыр? Қой бағып отыр ма, он шақты балаға ие болмай?” – дейді жәбірленушінің әжесі Мәриям Игілікова.

19 жастағы сарбаз Ақтау қаласындағы Теңіз жаяу әскерлері бөлімінде борышын өтеген. Мерзімінің аяқталуына 8 күн қалғанда, «сәл ауырыңқырап» қалды деген сылтаумен үйіне қайтарылған. Ренатты күтіп алған ата-анасы ұлдарының түрін көріп жағаларын ұстапты. Айтуларынша, үстіндегі киімі шұрық тесік, аяғында жаздық тәпішке болған. Отан алдындағы борышын өтеп емес, құдды құлдықта жүргендей оралды дейді ағасы. Күдіктенген туыстары баланы ауруханаға барып тексерткен.

“Басынан соққы алған. Қысым бар дейді. Сол жүректі көтеріп тұр. Сосын басында ауытқуы бар деді. Әртүрлі сандырақтап, боғауыз сөздерді айтып, бізді құшақтап, ұрып, әкесін ұрып, анасын мазақ қылып күліп, түрлі жағдай болып жатыр”, – дейді сарбаздың ағасы Бахтияр Нағашыбаев.

Ағасына үйге келгенде әскери шенділердің қалай қорлағанын айтқан. Қайтарынан 8 күн бұрын 4 қызметкер ұрып-соғып, құлағын тесіп әбден қинапты.

“Сол төрт сержанты басқа казармаға алып кетіп қорлаған, құлағын тескен, құлағында жарақаты тұр. Құлағын инемен тесіп, «мен сені қыз қыламын, мен сені әйелім қыламын» деп зорлық-зомбылық жасаған балаға”, – дейді ағасы.

Қорғаныс министрлігінің өкілі мұның барлығын жоққа шығарып әлек. Олар Ренаттың әскер қатарына қабылданғанда денсаулығы жақсы болғанын, әскерде де оған ешкім тиіспегенін айтты.

“Тәжірибелі командирлер, тәрбиешілер мен сержанттар сарбазға әскери қызметті өткеру уақытында қолдау көрсеткен. Сонымен бірге, қатардағы жауынгер Ренат Жеткергенов қызмет өткерген кезінде денсаулығына және басқа да шағым жасамаған”, – дейді ҚР Қорғаныс министрлігінің офицері, майор Ғани Нүсіпов.

Әскерде бірге болған жауынгерлік досы әскери бөлімде әлімжеттік жоқ деп отыр.

“Қайтуына 2-3 күн уақыт қалғанда жеткенде Ренат өзін жаман жағынан көрсете бастады. Мінез-құлқы өзгеріп, бізді шошытты”, – дейді жауынгер досы Әлихан Нүсіпбек.

Казармада не болғаны белгісіз. Ренаттың да жағдайды түсіндіруге шамасы жоқ. Десе де, сарбаздың ет жақындары айыптыларды тауып, әділ жаза беруді талап етпекші.
04 қараша 2021 ж. 106 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области