Вакцина алмағандар жұмыс күндері де сауда орталықтарына кіре алмауы мүмкін
Kyzylorda-news.kz. Алматыда Ashyq жүйесіне 23 214 мекеме мен ұйым қосылды, жарты жылда олардың саны 13 есе өскен. Бұл туралы Алматы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салтанат Лесбаева айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның сөзінше, қазір 479 нысан жүйеде көшбасшы болып тұр. QR-код бойынша келушілер саны аз болған 3 044 қатысушы жүйеден шығарылды.
«Қазір бас санитар дәрігердің №47 қаулысы бойынша «жасыл» статусы бар тұлғалар нысандарға бара алады. Жақында коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында бұл тәжірибені жұмыс күндері сауда және ойын-сауық орталықтарының жұмысында қолдану ұсынылды. Яғни сауда және ойын-сауық орталықтарына тек «жасыл» статусы бар адамдарды кіргізу мәселесі қаралып жатыр. «Атамекен» бұл мәселені талқылауға белсенді қатысады, өйткені сауда орталықтарында көптеген кәсіпкер жұмыс істейді», – дейді Салтанат Лесбаева.
Ол сондай-ақ сауда орталықтарында кірісі төмендеуі мүмкін басқа да қызмет түрлері бар екенін айтып, бұл мәселенің денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе шешілетінін жеткізді.
Ашық қалай жұмыс істейді?
QR-кодты сканерлегеннен кейін мобильді қосымшада келушінің статусы түрлі-түсті форматта жанады. Ол бойынша адамның коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болғаны немесе жұқтырғаны көрінеді:
жасыл статус – бұл келуші деректер базасында Сovid-19 теріс нәтижесі көрсеткен адам ретінде көрсетілген;
көк статус – ПТР нәтижелері жоқ, байланыста болған адам ретінде саналмайды;
сары статус – науқаспен байланыста болған адам;
қызыл статус – базада Covid-19 анықталған деп тіркелген.