Қызылордалық келіншек жедел жәрдем көлігінде егіз сәбиін дүниеге алып келді
Kyzylorda-news.kz. Қызылордалық келіншек ауруханаға жете алмай, жедел жәрдем көлігінде егіз бала босанды.
Қызылордалық келіншектің іші ауырып, жергілікті акушерге хабарласқан. Оны тексерген акушер әйелдің толғағы басталғанын, шұғыл түрде облыс орталығына бару керектігін айтты. Олар күйеуінің көлігімен қалаға жетіп, жолда жедел жәрдем шақырған.
«Көлік есігін ашқанда әйел қатты айқайлады, сәбидің басын көріне бастады. Әріптесім фельдшер Ислам Кенжебековпен бірге әйелге көмектестік. Біраз уақыттан кейін келіншектің тұңғыш ұлы дүниеге келді. Артынша оның кіндігін кестік. Толғағы тоқтап, ауруханаға жетіп үлгереміз деп ойладық. Біраз уақыттан кейін қыз бала дүниеге келді», – дейді жедел жәрдем дәрігері Мейрамбек Әділбеков.
Босану жақсы өтті. Қыздың салмағы 2400 грамм, ұлдың салмағы 2496 грамм.
24 жастағы фельдшер Ислам Кенжебеков өмірінде бірінші рет әйел адамды босандырғанын айтты.
«Мен қатты уайымдадым, бірақ көрсетпеуге тырыстым. Нәтижесінде екі әдемі сәби дүниеге келді. Балалар дүниеге келген кездегі сезімімді айтып жеткізу мүмкін емес», – деді ол.
Облыстық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің орынбасары Ғалия Нұрсейітова «Жедел жәрдем бригадалары үйде және жедел жәрдем көлігінде босанулар жиі кездесетінін айтты. Апта сайын дерлік фельдшерлер сәбилердің дүниеге келуіне өз бетінше көмектеседі, босанған әйелдерге көмек көрсетеді.
«Барлық жедел жәрдем бригадалары оқытылған, сертификатталған және жолда шұғыл білікті акушерлік көмек көрсетуге дайын», – деді Нұрсейітова.