Қызылордада жыл сайын 250 мың гектарға сексеуіл егу жоспарлануда
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының аумағында мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 6,5 млн. гектарды құрайтын болса, оның 3,4 млн. гектары орманды алқаптар. Орманды алқаптың 89 пайызы сексеуіл ағаштары. Бүгінгі күні облыста ормандарды қорғау, молықтыру, сақтау және өсімін молайту мақсатында, 8 орман шаруашылығы мекемелерінде 562 қызметкер жұмыс жасауда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Облыстық табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов мәлімдеді.
«Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Арал теңізінің құрғаған ұлтанына алдағы 5 жыл ішінде 1,1 млн. гектарға сексеуіл егу жұмыстары тапсырылған болатын. Бүгінгі күні 100 мың гектарға орман отырғызу жұмыстары жүргізілу үстінде, ал 2022-2025 жылдары аралығында жыл сайын 250 мың гектар жерге сексеуіл егу жұмыстары жоспарлануда. Қазіргі уақытта орман мекемелері сексеуіл ағаштарының тұқымдарын жинау, Арал және Қазалы орман мекемелері ұшақ арқылы себуге топырақ дайындау жұмыстары атқарылуда»,- деді Бауыржан Серікұлы.
«Мемлекет Басшысының жолдауына сәйкес орман қоры аумағында 2 млрд. ағаш егу тапсырмасы берілгені мәлім. Қазіргі уақытта 16229 гектар жерге сексеуілдің табиғи өсуіне жәрдемдесу шаралары жүргізіліп, сексеуіл екпелерін әуеден себуге арналған учаскелерінде топырақ дайындау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, орман шаруашылығы саласының қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар 111,7 тонна сексеуіл тұқымын дайындады. Үстіміздегі жылдың қараша айынының 15-20 жұлдызынан механикалық тәсілмен тұқым себу жұмыстары, ал желтоқсанда аэросебу жұмыстары басталады деп күтілуде»,- деді Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Марат Жалпақбаев.