Қазалыда жаңадан салынған үйлерге көгілдір отын берілді
Kyzylorda-news.kz. Әйтеке би кентіндегі 5 квартал аймағында тұрғындарға жаңадан берілген аумаққа көгілдір отын берілді.
Қазіргі таңда сала мамандары 210 гектар орын алған ақаулықтары қайта қалпына келтіріп, жоғарғы ауа қысымымен тексеріп сынау жұмыстарын аяқтады. Бүгін «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының қызметкерлері 5 тұрғын үйге көгілдір отын қосу үшін рұқсатын берді.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап табиғи газға қосылған тұрғындардың үйінде болып, қуаныштарымен бөлісті.
Абай көшесінің тұрғыны Гүлмира Сүлейменова халықтың талап-тілегін байыппен тыңдап, жаңа аумақты көгілдір отынға қосқан аудан басшылығына алғысын айтты. Сондай-ақ, күндіз-түні осы жұмыстың басы-қасында болған азаматтарға да ризашылығын білдірді.
Расында Әйтеке би кентіндегі 210 гектар аумақты табиғи газға қосу жұмыстары оңай болған жоқ. Аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев пен бөлімнің жетекші маманы Қуандық Іскендір және Қуаныш Сансызбаев басшылық жасайтын «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының Әйтеке би кенті газ шаруашылығының қызметкерлері мен сала маманы Ахмет Базарбаев түрлі кедергілерге қарамастан тынбай еңбек етті.
Алдағы уақытта Әйтеке би кентіндегі жаңа аумақтарды газдандыру жұмыстары жалғасын таба береді. Ендігі кезекте 180 гектар аумақты көгілдір отынға қосу үшін сала мамандары жоғарғы ауа қысымымен тексеріп сынау жұмыстарын аяқтады. Қазіргі таңда «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының қызметкерлері тұрғын үйлерді газ желісіне қосу үшін тиісті жұмыстарды жасап жатыр.