Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы мыңнан аса кәсіпкердің құқығын қорғады
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы биыл қаңтар-қазан аралығында өңірде түрлі қиындыққа тап болған мыңнан аса кәсіпкердің құқығын қорғаған. Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов айтты.
Палата басшысы кәсіпкерлердің өтініші бойынша жұмыс екі бағытта өрбитінін атап өтті. Бірінші бағытта заңгерлер түскен өтінішке сәйкес жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізіп, тиісті мемлекеттік органдармен бірге шешу жолдарын қарастырады.
«Кәсіпкерлер палатасында менің құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасарымнан өзге 2 заңгер бар. Аймақ кәсіпкерлерінің құқығын қорғау үшін уақытпен санаспай, жұмыс істейтін осы үш маман. Бір өтініш үшін ондаған нормативтік-құқықтық құжатты оқып, бірнеше мемлекеттік органмен байланыс орнатады, түрлі ұйымға хат жолдайды. Былай айтқанда, шешілген әр өтініштің артында апталап жасалған еңбек жатыр. Биылдың өзінде Палатаға кәсіпкерлерден 119 өтініш түсті. Әзірге оның 44-і оң шешіліп, 700-ден аса кәсіпкердің құқығы қорғалды», – дейді Ғалымбек Жақсылықов.
Оң шешілген өтініштер негізінде бизнес өкілдерінің 721,1 млн теңгесі сақталып қалды. Бұл қаржы күші жойылған айыппұлдар, өсімпұлдардан, мемлекет тарапынан қайтарылған қаражат есебінен, сақталып қалған бизнес мүлкінің құнынан және басқаларынан құралған.
Екінші бағытта жиі, жүйелі кездесетін мәселелер Палата жанындағы Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінде қаралады.
Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, Қызылорда облысындағы бизнес-омбудсменнің өкілі Салават Құлмахан осы жылы өткен кеңестің 11 отырысында 14 мәселе қаралғанын айтты. Кеңес кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша мемлекеттік органдарға 19 ұсыныс беріп, оның 11-і қолдау тапқан. Кеңес жұмысының нәтижесінде 400-ден аса кәсіпкердің құқығы қорғалды.
«Бір ғана мысал айтайын, кеңестің қазандағы отырысында Қызылорда облысына қарасты Жалағаш аудандық білім бөлімінің «салынып жатқан балабақшаға қаржы беріледі» деген желеумен жұмыс істеп тұрған балабақшаға қолдау көрсете алмайтыны жазылған ресми хат қаралды. Мемлекеттік орган хатында мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымынан бала қабылдауды тоқтатуын да сұраған. Мәселе кеңесте қаралды. Кәсіпкерге құқықтық қолдау көрсетіліп, кәсіпкерлік қызметіне қатысты ескерілетін тұстары түсіндірілді. Ал кәсіпкердің қызметіне кедергі келтіруге тырысқан хат бойынша облыстық білім басқармасы қызметтік тексеру жүргізді. Нәтижесімен Жалағаш аудандық білім бөлімінің үш қызметкері «ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тартылды» – деді Салават Құлмахан.