Қызылордада шыны зауытының күйдіру пеші іске қосылды
Kyzylorda-news.kz. ҚР Тәулсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қызылорда облысындағы шыны зауытының күйдіру пеші іске қосылды.
Аймақтағы ауқымды жобалардың ашылу салтанатына ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, зауыттың жұмысына сәттілік тіледі.
Ең алдымен, бұл – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегнің жемісі. Осы 30 жылдың ішінде барлық салада көптеген жұмыс істелді. Қай облыс болмасын ауыз толтырып айтарлықтай жеткен жетістігіміз бар. Қызылорда облысының инфрақұрылымы, экономикасы, өндірісі дамыды. Міне, соның нәтижесі ретінде жаңа кәсіпорынның ашылуының куәсі болып отырмыз. Бұл кәсіпорын осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынды. Бірақ әртүрлі себептерге байланысты құрылыс созылып кеткен еді. Дегенмен алға қойған мақсаттың арқасында керемет іс-шараға жиналып отырмыз. Шыны зауытта шығарылатын өнімнің 30 пайызы экспортқа жіберіледі деп жоспарлануда. Бұл облыстың ғана емес, еліміздің экономикасының дамуына үлес қосатыны сөзсіз. Және де Орта Азиядағы көшбасшы үлкен өндірістердің бірі болады деп сенеміз, – деді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Сағатханұлы.
Құны 42,01 млрд. теңгені құрайтын жоба 226 адамды жұмыспен қамтитын болады.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында жаңа технологияларды пайдаланып, бәсекеге қабілетті өнім шығаратын, еліміздің және өңір экономикасын дамытуға тың серпін беретін жоба шыны өңдеу зауытын іске қостық. Шыны өндіру барысында 90% жергілікті шикізат пайдаланылады. Шыны бағасының 80%-ын құрайтын негізгі компонент – кальцийленген сода. Сондықтан, Аралда салынатын сода зауытының негізгі тұтынушысы осы зауытымыз болмақ. Зауыт толық қуаттылыққа шыққанда 226 жаңа жұмыс орны, қосалқы өндірістерде 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылады, бірінші кезекте жергілікті мамандарға басымдық беріледі, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
«Орда Гласс ЛТД» мамандарының айтуынша, бірінші шыны 2022 жылдың сәуір айында өндіріледі деп жоспарлануда.
Айта кетейік, алдағы уақытта зауыт жылына 197,1 мың тонна, тәулігіне 600 тонна өнім шығара алады. Кәсіпорында табақ шыны, энергия үнемдейтін шыны, айна, ламинатталған шыны, күйдірілген шыны тәрізді өнім түрлері өндіріледі деп күтілуде.