Қызылордада облыстық көшбасшы әйелдер мектебінің алғашқы дәрісі өтті
Kyzylorda-news.kz. Бүгін шаһардың сол жағалауында орналасқан «Болашақ» университетінде облыстық көшбасшы әйелдер мектебінің алғашқы дәрісі болды. Дәріске 100-ге жуық нәзік жанды, ал аудандардан 70-тен аса әйел онлайн форматта қатысты.
Алғашқы отырысты облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова ашып, мектеп жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, мектептің жетекшісі Әлима Әбдіқалықова жалпы жұмыс жоспары мен мақсаттарына тоқталды. Бұған қоса, бас қосуда филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаеваның, саяси ғылымдарының кандидаты Сәулет Сахиевтың, психология ғылымдарының кандидаты А.Аяғанованың дәрістері тыңдалды.
Дәріс соңында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, алдағы уақыттағы жұмыстарын талқылады. Мектеп жоспарына сәйкес, дәрістер айына бір рет әр түрлі тақырыптарда өткізілетін болады.
Айта кетейік, мектеп облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның қолдауымен облыстық әйелдер кеңесінің жанынан құрылған.