Қызылорда архивінде 3561 қор сақтаулы
Kyzylorda-news.kz. Биыл елімізде алғаш рет архившілердің кәсіби мерекесі аталып өтуде. Бүгінде облыстың мемлекеттік архивтерінде 3561 қор яғни басқару құжаттары, ғылыми-техникалық құжаттар, фото және бейне құжаттар сақтаулы. Ал жыл сайын 15 мыңға жуық құжат архивке енеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Облыстық мемлекеттік архиві» КММ директорының орынбасары Жанат Алтынбаева мәлімдеді.
Архив ісі – тарихи-мәдени мұраны сақтау, дамыту және насихаттауда маңызды рөл атқарады. «Архивтік анықтамалар мен құжаттардың көшірмелері немесе архивтік үзінділер беру» сынды қызметтермен қамтылған. Сыр өңірі тарихына қатысты зерттелмеген тың құжаттар Ресей Федерациясының Орынбор, Мәскеу, Санкт-Петербургтағы мемлекеттік архивтерінде сақталған. Сондай-ақ, еліміздің біртуар азаматтары, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлеріне қатысты деректер Тәжікстан, Франция, Германия, Түркия елдерінің архивінде бар. Осы тарихи жәдігерлерді анықтап, құжаттарды жинақтап елге қайтару алдағы уақыттың жоспарында, – деді Жанат Алтынбаева.
Ал Қызылорда қалалық архивіне енетін құжаттар үш түрде қайта өңделіп, 17-19 градус температурада ылғалдылығы 55 градустық бөлмеде сақталады.
Қазіргі таңда қалалық архив қорында 82 мыңнан аса құжат сақтаулы. Осы құжаттардың негізінде азаматтардың әлеуметтік-құқықтық сұраныстарын орындау біздің басты міндетіміз болып табылады, – деді «Облыстық мемлекеттік архиві» КММ Қызылорда қалалық филиалының басшысы Жұлдыз Байғараева.