«Тең қоғам» орталығында дойбыдан жарыс өтті
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсететін «Тең қоғам» орталығында дойбыдан спорттық жарыс өтті. Оған қаладағы өмірлік қиын жағдайда жүрген, тәрбиеленуінде мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе өздері де сол санаттағы тұрмысы төмен көп балалы отбасылардың мүшелері қатысты.
Жарысқа барлығы 21 спортшы қатысқан. Олар тыңғылықты дайындықпен келген. Ерекше жандардың басын қосқан бәсеке тартысты өтті.
«Мұндай жарыстар ойлау қабілетін арттырады. Бұған дейін талай жарыстарда жүлде алып жүрмін. Жеңу мақсатым емес. Тек қатысып, өзіммен тағдырлас жандармен жүздесіп қайту да жақсы үрдіс. Бір сәт ой бөлініп, көңіліміз көтеріліп қалады. Ұйымдастырушыларға рақмет, қоғамдық шарадан тыс қалдырмай, үнемі басымызды қосып тұрады», – дейді жарыс жеңімпазы Мейрамбек Жармахан.
Айта кетейік, жарыс қорытындысымен І орын Мейрамбек Жармаханға бұйырды. ІІ орынды Қанжарбек Мәуленов алды. ІІІ орынды Келесбаева Бибігүл иемденді. Жарысқа қатысушылар арнайы алғыс пен бағалы сыйлықтар табысталды.