Қызылордада «Тең қоғам» орталығы ашылды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік қолдау көрсететін «Тең қоғам» орталығы жұмысын бастады.
Салтанатты рәсімге қатысқан қала әкімінің міндетін атқарушы Бектас Нуридинов орталықтың жұмысына сәттілік тілеп, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғауға негізделген шаралар алдағы уақытта жалғасын табатынын жеткізді.
Орталық қызметі «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2025 жылға дейінгі жол картасы аясында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Тең қоғам» әлеуметтік жобасымен жүзеге асуда.
Қаладағы өмірлік қиын жағдайда жүрген, тәрбиеленуінде мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе өздері де сол санаттағы тұрмысы төмен көп балалы отбасылар орталық қызметіне жүгіне алады.
Орталықта заңгерлік кеңес беру, психологиялық көмек, әлеуметтік-тұрмыстық, кәсіпкерлікке баулу дағдыларын үйрету, бос уақыттарын тиімді үйлестіру жұмыстары жүзеге асады. Орталық Астана даңғылы №79 ғимаратта орналасқан.