Қазалыда Жалаңтөс Баһадүрдің ескерткіші ашылды
Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қазалы ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Жалаңтөс Баһадүрге арналған ескерткішті ашып, көпбалалы аналарға пәтер кілтін табыстап, әлеуметтік бағыттағы қызмет көрсету нысанының жұмысын саралады.
Алдымен аймақ басшысы Әйтеке би кентінде даңқты қолбасшы Жалаңтөс батырдың 445 жылдығына орай бой көтерген ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты. Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, батырдың ұрпақтары қатысты.
Облыс әкімі атаулы датаның Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен қатар келгенін тілге тиек етіп, даңқты қолбасшыға арналған ескерткіштің ашылуымен тұрғындарды құттықтады.
«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесімен қатар келген Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдық мерейлі мерекесінде сәулеті өнерінің бір белгісі – осы еңселі ескерткішті орнатып отырмыз. Самарқанды 30 жыл билеген Жалаңтөс Баһадүрдің тылсымға толы құпия әлеміне аса бір мұқиятпен үңіліп, ескерткішін қоладан құштарлықпен құйған елімізге белгілі мүсінші Аманкелді Кененбаев ерлік пен өрліктің, даналықтың үйлесімін дәл бейнелесем деген мақсатына жетті деп есептеймін. Туған жерімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған батыр атамыздың рухы ұрпағын қолдап-қорғап жүргей», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Ескерткіштің негізгі бөлігінде Жалаңтөс пен оның мінген аты таза қоладан құйылып жасалған. Еңселі ескерткіштің авторы Аманкелді Кененбаев бұған дейін де мемлекеттік деңгейдегі маңызы бар ескерткіштерді шынайы жасап жүрген мүсінші. Бой көтерген мәдени нысанның жалпы биіктігі 12 метрді құрайды.
Айта кетейік, Елорда, Алматы мен Ақтөбеде, облыс орталығы мен Қазалы ауданында Жалаңтөс Баһадүр атындағы көшелер бар. Қызылорда қаласында еңселі ескерткіші бой көтерген. Сондай-ақ, облыс орталығында дарынды балаларға арналған спорт мектебі, Қазалыда орта мектеп пен ауылға батыр есімі берілген.
Мұнан соң, өңір басшысы Әйтеке би кенті, Аймақаш мөлтек ауданында жаңа тұрғын үйлердің кілтін табыстады. 35 пәтерлік 18 тұрғын үй аудандағы көпбалалы отбасыларға жалға беру тәртібімен беріліп отыр. Салтанатты шарада аймақ басшысы жаңа қоныс иелерін құттықтап, ізгі ниетін білдірді.
«Бүгін, Жаңа жыл қарсаңында көптеген отбасы қоныс тойын тойламақ. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған бұл үйлер негізінен баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасыларға беріліп отыр. «Аймақаш» шағын ауданындағы 36 тұрғын үйдің құрылысы осы жылдың басында басталды. Ол үшін бюджеттен 388 млн теңге бөлінді. Бұл тұрғын үйлер елімізде мемлекет тарапынан тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға жасалып жатқан қолдаудың нақты көрінісі. Жаңа пәтер иелеріне қоныстарыңыз құтты болсын деймін! Еліміз тыныш, халқымыз бейбіт, Тәуелсіздігіміз баянды болсын», – деді облыс әкімі.
Салтанатты шарадан соң өңір басшысы 7 баланың анасы Жанаргүл Баймұханованың жаңа шаңырағында болып, қуаныштарына ортақтасып, құрметін көрсетті. Пәтер иесіне арнайы сыйын табыс етіп, балаларына жаңажылдық тәттілерді тарту етті.
Ауданда халыққа сервистік қызмет көрсету саласы да қарқын алған. Облыс әкімі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі бойындағы көпсалалы қызмет көрсету кешенінің жұмысымен танысты. Кешен қонақ үй, монша, тамақтану орны, автотұрақ, көлік жөндеу орталығы мен шағын маркетті қамтиды. Жеке кәсіпкер Арзана Байсуганова осы нысан арқылы 10 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бизнес бастаған кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек туралы айтып, туған жердің өсіп-өркендеуіне қосып жатқан үлестері үшін бизнес өкілдеріне ризашылығын білдірді.
Айту керек, 30 жыл ішінде ауданда 19 орта мектеп, 9 мемлекеттік балабақша, 25 денсаулық, 15 спорт нысаны және 6 мәдениет ошағы іске қосылды. Автокөлік жолдарының жағдайы 80,3 пайызға жақсарды. Ал, 467,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген.
Облыс әкімінің жұмыс сапары Қармақшы ауданында жалғасты.