ПОЙЫЗДА СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша «Астана-Арқалық» бағытында қатынайтын № 603-604 пойызының жолсеріктері жүкті жолаушыны босандырып алған. Вагон жолсеріктері Бақыт Қараманов пен Гүлдархан Шаханова пойыз бастығы Жандар Сиқымбаевпен бірге мұндай жағдайда қажетті барлық шараны қабылдаған. Олар жүкті келіншекпен көршілес жолаушыларды басқа купеге ауысуын өтінген және олар түсіністік танытқан.
Осыдан кейін жолсеріктер таза төсек-жабындыларын, медициналық қобдиша және тазартылған дәке әкелген. Пойыз машинисі арқылы жедел жәрдем көлігі шақырылғанымен олар жолдың жабық болуына байланысты жете алмаған.
Ал Ирченко стансасының фелдьшері Мария Мокрицкая пойыз бастығының өтінішімен жүкті әйелмен Атбасар стансасына дейін бірге баруға келіскен. Нәтижесінде әйел салмағы 3 келі 200 грам, бойы 50 см дені сау баланы дүниеге әкелген.