АГЕНТТІК ХАЛЫҚПЕН АШЫҚ ДИАЛОГ ҚҰРУҒА ДАЙЫН
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысына іс-сапармен келген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин мәлімдеді.
Еліміздегі реформалардың тиімді жүзеге асырылуында кәсіби мемлекеттік аппараттың алатын рөлі жоғары. Агенттік үздік әлемдік тәжірибеге толығымен сәйкес келетін мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастыру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізуде.
Заман талабына сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік органдар және ұйымдар уақытында әрі қысқа мерзімде қызмет көрсетуге ұмтылуы қажет.
"Халық үшін электронды түрде қызмет алудың тиімділігі көп. Біріншіден, азаматтар мемлекеттік мекемеге бармайды, яғни уақытын үнемдейді, екіншіден, кезек күтпейді, барлығы жылдам жүреді. Мемлекеттік қызметшілермен әдеп нормаларын сақтау мәселелері әрқашан Агенттіктің ерекше бақылауында. Бұзушылықтың әрбір дерегі тез арада тоқтатылып, айыпты лауазымды тұлғалар ең қатаң жауапкершілікке тартылатын болады. Агенттікпен Әдеп кодексінің нормаларына ауқымды түсіндірме беру мақсатында Pocketbook (қойын кітапшасы) әзірленді", - деді А.Бердалин.
Покетбук тек қана мемлекеттік қызметшілерге ғана емес, әдеп ережелерін сақтау мәселелері қызықтыратын көпшілік оқырманға да арналған.
Сондай-ақ, баспасөз конференциясында Арман Бердалин мемлекеттік қызметшілер үшін сынамалы тәртіпте еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді электронды үлгіге ауыстыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қызметшілердің әдеп қағидаларын сақтау мәселелерін қамтыды. Агенттіктің халықпен ашық диалог құруға дайын екенін жеткізді. Азаматтар мен мемлекеттік қызметшілер Агенттік Төрағасымен оның Фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасы арқылы тікелей байланыс орната алатындығы да айтылды.