ҚАРМАҚШЫДА СУ ТАСҚЫНЫ ҚАУІПІНІҢ АЛДЫН АЛУ МАҚСАТЫНДА ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТТІ
Қармақшы ауданының орталығында көктемгі су тасқыны қауіпі мезгіліне сәйкес төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында оқу-жаттығу өтті.
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары С.Сүлейменов, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы С.Сермағамбетов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы О. Бержанов, «Қазсушар» РМК-ның Қызылорда филиалының бастығы Б.Арыстанбаев, аудан әкімі С.Мақашов оқу – жаттығу жиынына қатысып, табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғанудың дайындығын тексерді.
Жиынға аудан және кент әкімдері аппараты, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия мүшелері, азаматтық қорғау қызметтерiнің күш-құралдары жұмылдырылды. Қармақшы ауданының төтенше жағдайларды жоюға жұмылдырылатын 52 бірлік техникасы мен 129 адамы бар азаматтық қорғау қызметтері, ұйымдар, мекемелер, кәсiпорындар және авариялық-құтқару қызметтерінің күш-құралдарының дайындығы пысықталып, саптық қарау өткізілді.
Жоспарға сәйкес Қармақшы ауданы Дүр Оңғар ауылында болып, су тасқынының алдын алуға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды нақтылады. Қазіргі таңда жинақталған инерттік материалдық қорлары толығымен дайын.
Аудандағы су басу қауіпі бар учаскелерден тұрғындарды, жануарларды көшіру мақсатында 5 эвакуациялық жинақтау және қабылдау бекеттерінің орындары нақтыланған.