БІЗ ТУБЕРКУЛЕЗДІ ТОҚТАТА АЛАМЫЗ
Әлемде жыл сайын 24 наурызда Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні атап өтіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен белгіленген бұл күн жыл сайын әртүрлі ұранмен өтеді. Биылғы науқан "Туберкулезден азат әлемнің көшбасшыларына іздеу саламыз! Тарихты жасауға үлес қос. Туберкулезге жол жоқ" деген ұранмен өтті.Тақырыбының өзі айқындап тұрған шара бәрімізді де ойлануға, денсаулыққа бір сәт болса да көңіл бөлуге жетелейді. Жалпы, туберкулез бүгінгі қоғам үшін таңсық емес. Адамзат одан толық айығу жолдарын жақсы біледі, дәрі-дәрмек пен микробқа қарсы препараттарды табу да қиындық тудырмайды. Соған қарамастан, жұқпалы дертті толық ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Ендеше, бұл ауру туралы не білген жөн, одан төнетін қауіп қандай және біз туберкулезге қарсы күрес науқанына қандай үлес қоса аламыз деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Туберкулез – ауа арқылы тарайтын жұқпалы ауру. Қоздырғышы - микобактериялар немесе бәріміз білетін "Кох таяқшалары". Кох таяқшасы адам организміне жат микроорганизм болғандықтан, микроб сау ағзаға түскен кезде ағзаның қорғаныш жасушалары оған шабуыл жасап, көбеюіне жол бермейді. Ауру ағзаның иммундық жүйесі нашар болған жағдайда (антиденелер түзілуі бұзылса, иммун тапшылығы жағдайында, өзге аурулар салдарынан организмнің қорғаныс күші бұзылса, жасына немесе тұрмыстық-әлеуметтік факторлар салдарынан тиісінше жұмыс істемейтін болса) және туберкулездің ашық формасымен ауыратын және тиісінше ем қабылдамаған науқаспен ұзақ уақыт бойы байланыста болған жағдайда ғана өршуі мүмкін.
Ауру көбіне ауа арқылы таралады. Науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде, тіпті қатты сөйлегенде қоршаған ортаға миллиардтаған туберкулез микобактерияларын бөледі. Микобактериялар 2метрден-5 метрге дейін шашырап, ауада 16-18 сағат қалықтап тұрады. Осы ауаны жұтқан және оған тағы қосымша факторлар ( құнарсыз тамақтану, тұрақты түрде жүйкеге салмақ түсу, зиянды әдеттердің болуы: ішімдік ішу, темекі шегу, есірткі қолдану және қосымша созылмалы аурулардың болуы) әсер етсе адам туберкулезбен ауырып қалуы әбден мүмкін.
Сирек жағдайда ауруға шалдыққан ірі қара малдың өңделмеген сүт өнімдері арқылы да жұғуы мүмкін.
Туберкулез белгілері бірден пайда болмайды. Әдетте, микобактериялар ұзақ уақыт бойы ағзада дамып, көбіне өкпе тіндерін зақымдайды. Оның белгілерінің жүре келе пайда болатыны да сондықтан. Бірақ көп ұзамай: ұзақ жөтелу(мерзімі 2 аптадан асса), кейде қан аралас қақырық түсу, кеуде қуысының ауыруы, жалпы әлсіздік, салмақ жоғалту, терлеу, дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер пайда болады. Мұндай жағдайда міндетті түрде емханаға дәрігерге барып тексеруден өту қажет.
Ресми статистикаға сүйенсек, 2017 жылы Қазақстанда туберкулездің белсенді түрімен ауыратын 17 мың 444 пациент диспансерлік есепте тұрған. 9 417 адамның диагнозы "жаңадан" қойылған. Құрт ауруына шалдыққандар Оңтүстік Қазақстан (1666), Алматы (1591) және Қарағанды (1258) облыстарында көп тіркелген. Қызылорда облысында туберкулезбен аурушаңдылық көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 100мың тұрғынға шаққанда 64,9%-дан 59,2%-ға төмендеді,( 2016 жылы -499 науқас ауырса, 2017 жылы 460 науқас тіркелген), ал өлімжітілік көрсеткіші 3,4%-дан 3,2%-ға төмендеді.
Қазақстанда туберкулезді анықтау мен оның алдын алу, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кепілдендірілген тегін медициналық көмек беру шеңберіне кіреді. Атап айтқанда, ауру тегін емделеді. Биыл осы дертке шалдыққандарды анықтау, емдеу мен әлеуметтік қолдауға мемлекеттік бюджеттен 42 млрд теңге бөлінді.
Ең бастысы - туберкулез жазылатын ауру және оның алдын алуға болады. Жұқтырған күннің өзінде дер кезінде, дұрыс емделсе пациенттің құлан-таза айығып кетуге мүмкіндігі бар. ДДСҰ мәліметіне сүйенсек, 2000-2016 жылдар аралығында диагностика мен ем-домның арқасында 53 млн адамды өлімнен арашалауға мүмкіндік туды.
Туберкулездің дәрілерге сезімтал түрін емдеуге шамамен 6 айға жуық уақыт кетеді. Елімізде іске асырылып жатқан ауруды біріктірілген бақылау стратегиясы бойынша науқас туберкулездің микобактериясын бөлмейтін қоршаған ортаға қауіпсіз болғанда , өз емханасында амбулаторлық режимде ем қабылдауына мүмкіндік береді.
Бақыт Исмаханбетов
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»
КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры