ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – ЖАЛҒАСУДА
Нақты кезеңде сыбайлас жемқорлық әлемдік деңгейдегі проблемалық мәселелердің бірінен саналады. Сол себепті де жемқорлықпен күрес күннен-күнге қатайып келеді.
Өкінішке қарай жемқорлық саяси, әлеуметтік-экономикалық құрылымына қарамастан демократиялық дамыған мемлекеттердің барлығына да тән және қоғамның індеті болып отыр. Ол – латентті.
Елбасымыздың салиқалы саясатының басым бағыттарының бірі – жемқорлыққа қарсы іс-шараларды жүйелі түрде жүргізу. Оның айғағы ретінде ҚР Президентінің жыл сайынғы Жолдауларын айтуға болады. Онда аталғандай, еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетуге маңызды қадамдар жасалған. Алайда, негізгі басымдық сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресуге бағытталған. Сыбайлас жемқорлықтың себебін анықтау мен жою бағытындағы жұмысты күшейту қажет. Сыбайлас жемқорлықпен күресуде көптеген мәселе бүкіл қоғамның белсенді қатысуына да байланысты. Әлеуметтік желілер мен басқа да медиаресурстардың дамуымен, бұқара халықтың сыбайлас жемқорлықты мүлдем қабылдамауы жемқорлықпен күрестің мықты қаруына айналу керек.
Аталған құбылыспен күрес бағытында Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында да бірқатар іс-шаралар атқарылып келеді.
Салық төлеушілер үшін салықтандыру саласындағы барлық мемлекеттік қызмет түрлерін сапалы және уақытылы алуға жағдай жасалған (бұл қызметтерді алудағы уақытты едуір қысқартып, қағазбастылық кедергілер мен созбалаңқыны азайтады), Ақпарат қабылдау және өңдеу орталықтары (АҚО) кезекті реттеу мен қызметті алудың уақытын қадағалау үшін электрондық таблолармен жабдықталған. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта БАҚ-да мақалалар мен хабарландырулар жарық көреді, жергілікті теле радио арналарынан сұхбаттар мен хабарландырулар беріледі.
Өткен жылғы жергілікті және республикалық БАҚ-да 52 мақала мен хабарландырулар жарияланып, радио және телеарналар арқылы 74 материалдар жарық көрді. Салық төлеушілердің қатысуымен семинарлар мен қоғамдық қабылдаулар, «Біз жемқорлыққа қарсымыз!» тақырыбында «Ашық есік күндері» өткізілді. Сонымен қатар, азаматтардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік кірістер органдарының қызметшілерінің сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық пен қылмыс жасау және қызметтік әдеп талаптарын бұзу фактілерін анықтау мақсатында 23-87-32 «сенім» телефоны қызмет атқарады. Ақпарат қабылдау және өңдеу орталықтары мен «Салық төлеушілер Терминалында» арыз-шағым жәшіктері орнатылған.
Әрбір мемлекеттік қызметші, қоғамның азаматтары өз мүмкіндігі шегінде сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне барынша қарсы тоқсауыл болуы қажет деп есептейміз.
Салтанат ЕРЖАНОВА,
Қызылода қаласы бойынша
Мемлекеттік кірістер басқармасының
бөлім басшысы