Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ОТАН ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕГІ

ОТАН ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕГІ

Майдангердің қызы Бисенкүл Қарабөпенің айтуынша, соғыстан оралған әкесі әуелі Тереңөзекте тұратын қарындасы Бибігүлдің үйіне соғады. Есік қағылған мезгіл түн жарым болса керек. Қарындасы «бұл кім?» - депті ішкі беттен. «Бұл Махамбетәлі ағаң ғой». Бауыры есікті ашпапты. Сөйтсе, өзінен бұрын елге мұның қайтыс болғандығы туралы «қара қағаз» келген екен.
  Анасы Қалампыр ер мінезді кісі еді. Қаралы хабарды жеткізуге келгендерге:
  – Менің балам тірі. Ол отбасына аман-есен келеді. Көңіл айтуларыңның алды-арты осы болсын! – деп, кесіп айтқан екен. Бұл оқиғаны майдангердің перзенттері әрине, көп кейін, дүниежарыққа келіп, есейгенде кезде естиді.
Алапат соғыстың аяқталғанына жетпіс үш жыл уақыт өтсе де оның сызаты санадан әлі өшкен жоқ. Сол сұрапыл шақта майданға аттанып, кеудесін оққа тосқан, Жеңісті жақындатқан ер жүрек аталарымыздың рухтарына тағзым етеміз. Кескілескен ұрысқа аттанған ағайынды Қарабөпеевтердің үлкені Сейдахмет майдан даласында мерт болса, Махамбетжан елге жаралы болып оралған еді.
  Махамбетжан (Махамбетәлі) Тереңөзек ауданы, қазіргі Шіркейлі (Қызылту) ауылында туған. Төлқұжатында туған жылы 1905 жыл деп көрсетілгенімен, ардагер өзі ұрпақтарына: «Мен 1914 жылы туғанмын, әкем-шешем жасымды үлкейтіп жаздырған» деп айтып отырады екен. Әкесі Қарабөпе өңірдегі белгілі байдың бірі болса керек. Оның атағы ауылдан асып Ақмешіт өңіріне де шыққан адам болыпты. Өзі Жаппастың Қожамберлі аталығынан тарайтын Дөңкіл атты байдың немересі болса, ауқатты болмай қайтсін?! Қобландыныңың Қарабөпесінен Сейдахмет, Махамбетжан, Жақсыгүл, Қантай, Бибігүл және Уәли атты 6 баласы болған. Соғысқа 4 ұлының 3-еуі шақырылады. Бірақ, шаңырақтың кенжесі Уәли денсаулығына байланысты жарамсыз деп танылған.
  Ал үйдің үлкені Сейдахмет соғысқа алынғаннан 10 күннен соң И.Сталин ауылдық кеңес басшыларын броньмен қалдыру туралы жарлық шығарады. Ұлы Отан соғысы кезінде тылдағы жұмысты ұйымдастыру үшін басшылықтағы көптеген адамдар броньмен соғысқа жіберілмеген. Сондай-ақ, ерекше мамандық иелері, теміржолшылар мен балықшылар, тағы сол сияқты сирек мамандар соғысқа бармаған.
  Сонымен Сейдахмет Қарабөпеев бронь шықпай тұрғанда соғысқа кетеді. Ол 1932-1942 жылдары «Талап» колхозының төрағасы қызметін атқарған. Өкініштісі, соғысқа алынған төраға Ленинградты қорғау ұрысында хабарсыз кеткен екен. Оның соңында Төлеу атты ұл мен Бибайша, Қадиша атты екі қыз қалды. Бүгінде жасы 80-нен асқан Төлеу Қарабөпеев кезінде Шіркейлі ауылының (Қызыту 1996 жылдан бастап Шіркейлі атанады) бас агрономы болып, еңбегімен елге танылған қадірлі жан.
  Көкейге түйгені көп Қарабөпе бай елге сыйлы, қадірлі жан болыпты. Мұны бізге осы ауылдағы көнекөз қариялары мен ұрпақтары жеткізді. Өзі кезінде (патша заманында) болыс та болған. Оның байлығының игілігін айналасындағы ағайындары да көріпті деседі. Кеңес билігі күшейген кезде елде бай-кулактардың мал-мүлкін тәркілеу басталды. Бұл кейіпкеріміз Махамбетжанның есейіп қалған кезі, яғни, 1928 жылы болған оқиға. Тәркілеу науқанына Сыр бойындағы байлармен бірге Қарабөпе ілінеді. Амалсыздан ағайын-туыстарын ерітіп Өзбекстанға қашып, осы әулеттің бас көтерер азаматтары бірнеше жыл сонда паналайды. Елде тек Қарабөпенің тұрмысқа берген үлкен қызы Жақсыгүл ғана қалыпты. Бір қызығы, ашаршылық жылдары Жақсыгүл Қызылорда қаласындағы бүгінгі ескі базарда соқыр Әз-Нышанға келіп (атақты қобызшы Нышан Шәменұлы Қорқыттың күйін бірден-бір жеткізуші) бал аштырса, ол: «алыстан өзіңді іздеп келген жақын адаммен кездесесің», - депті. Сол-ақ екен, Жақсыгүл базардан шықпай жатып әкесін кездестіріп, жылап көріседі. Бұл әкесінің мұны алып кету үшін әдейілеп келген беті екен.
Қарабөпе бай балаларын жасынан молданың тәрбиесіне беріп, діни сауатын ерте аштырған еді. Сол аласапыран кездің өзінде ол ұлдарына «білім ал, сауатты бол» деп қана үйреткен жоқ, еңбекте ерінбеуді қоса үйретті. Тіршілікке жасынан баулып, тәрбиеледі.   Еңбекпен есейген бала шымыр болады. Осындай еңбекқор әулеттен шыққан Махамбетжан өзі теңдес жастардың ішінде алғашқылардың бірі болып еңбекке араласты. Бірер жыл сыртта жүріп, туған елге оралған сауатты Махамбетжан кеңестік қоғамның сан саласында қызмет жасап, ортасында абыройлы болды. Арада біраз жылдар өтті...
  1941 жылы бұйыған ауылды «соғыс» деген суық сөз шарлап кетті. Бейбіт жатқан жұрттың шекарасы тосыннан бұзылды. Ер азаматтар елін қорғауға, өмір мен өлім белдескен сұм соғысқа күн сайын алынып жатты. Ол кездің жастары майданға өзі тіленіп кетіп жататын. «Маған кезек қашан келер екен?» деп күткен Махамбетжанның қолына аудандық әскери комиссариаттың шақыру қағазы 1942 жылы 16 қаңтар күні тиеді.
  Отан қорғауға алынған жігіттерді әуелі қысқа мерзімдік дайындықтан өткізді. Әскердің қатаң тәртібі бұларды жауынгерлік өмірге үйретіп, санаулы күннің ішінде байырғы әскер етіп үлгірген-ді. «Отан үшін жан пида» деген қағиданы жүрекке бекіткен жауынгер М.Қарабөпеев осы 1941 жылдың ақпан айында Украина майданы, 55-атқыштар полкі құрамында соғысқа кірді. Біздің әскер Украина жерінде ата жаумен аянбай шайқасты. Осындай жанкешті жорықтардың бірінде жауынгер М.Қарабөпеев иығынан жарақаттанып, госпитальға түседі. Талай тайталасты көрген қайсар қазақ 2 ай емделіп, майданға қайта аттанады. Бұл – 1943 жылдың ақпан айы болатын. Емделіп, қайта қатарға қосылған қазақстандық жауынгер 60-атқыштар полкіне жіберілді. Осылайша, жерлесіміз Украина мен Белоруссияның бірнеше поселкелері мен елді мекендерін дұшпаннан тазартуға қатысты. Бұлар басқыншы жаудан босатқан елді мекендерде немістер көп ойран жасапты. Фашизмнің лебі жеткен жердің бәрі өрт пен өлім: қайда қарасаң да бомбадан қираған қалалар мен селолар, жолдар мен көпірлер, жалын шалған орман мен тоғай. Күл-талқан болған өндіріс орындары омырайып жатыр. Мұндай сұмдықты қыр қазағы бұрын көрмеген. Әр шайқастан соң солдаттар қатары сиреп қалатын. Толықтыру үшін жаңа күш келіп қосылып отырды. Осылайша, кеңес әскері өзіміздің қала-селоларды азат етіп, Еуропа жеріне дендей енді. Дұшпанның ұясына жақындаған сайын әр адым, әр шаршы метр жер үшін қиян-кескі шайқастар жүрді. Алайда, неміс басқыншылары күйрей жеңілді.
Қазақ жауынгері ұлы мерекені Берлинде қарсы алды. 1945 жылдың жазында ол 234-ші батыс атқыштар полкіне жіберіліп, қираған қаланы қалпына келтіру, онда тыныштық сақтау ісіне де үлес қосты. Жоғарғы Кеңестің 1945 жылғы 23-маусымдағы бұйрығымен әскер қатарынан босатылып, патриоттық парызына адал жерлесіміз туған жеріне оралды. Осылайша, анасының «балам аман келеді» деген ақ тілегі қапысыз орындалды. Поездан түскен Жеңіс солдатының кеудесінде «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені мен бірнеше медаль жарқырап тұрған-ды.
  Майдангердің қызы Бисенкүл Қарабөпенің айтуынша, соғыстан қайтқан солдат Тереңөзекте тұратын қарындасы Бибігүлдің үйіне соғады. Есік қағылған мезгіл түн жарым болса керек. Қарындасы «бұл кім?» депті ішкі беттен. «Бұл Махамбетәлі ағаң ғой». Бауыры есікті ашпапты. Сөйтсе, өзінен бұрын елге мұның қайтыс болғандығы туралы «қара қағаз» келген екен.
  Анасы Қалампыр ер мінезді кісі еді. Қаралы хабарды жеткізуге келгендерге: – Менің балам тірі. Ол отбасына аман-есен келеді. Көңіл айтуларыңның алды-арты осы болсын! – деп, кесіп айтқан екен. Бұл оқиғаны майдангердің перзенттері әрине, көп кейін, дүниежарыққа келіп, есейгенде кезде естиді.
  Елге келісімен ол халықтың еңсесін тіктеу, шаруашылықты қалпына келтіруге белсене араласып, туған елді түлетуге бір кісідей ат салысты. Ермекүл Есетқызымен отау құрып, көп балалы шаңыраққа айналды. Қарашаңырақта 10 бала дүние есігін ашқан-ды. Олардың 4-еуі әр жылдары қайтыс болады, қалған 4 ұл мен 2 қызға, яғни Сайлау, Айтбай, Бисенкүл, Жұмакүл, Алтынкүл, Еркебай, Ерланға тәлім-тәрбие беріп, қатарға қосады.
  Майдангер М.Қарабөпеев Ұлы Жеңістің 20, 30 және 40 жылдығы тұсында мерекелік медальдармен марапатталған. «Әкем әр жылы Жеңіс мерекесін асыға күтетін. Өйткені, бұл күні есіл ерлердің қаһармандығы мен батырлығына құрмет көрсетіледі. Жанқиярлық ерлік пен жасампаз жеңіс болмаса, біздің аспанымызда бейбіт өмір мен тыныш заман болар ма еді? – дейді облыстық «Сыр бойы» газетінің ардагері Бисенкүл Қарабөпе.
  Замандастары кейіпкеріміздің кісілік, азаматтық қасиетіне ерекше сүйсініп қарайтын. Айтпақшы, майдангер Махамбетжан заманында Сырдарияның іргесіндегі Шіркейлі каналын қазуға елмен бірге қатысқанын айтпай кетуге болмас. Бұған қоса, оның табанда суырып салып айтатын ақындық өнері, домбыраны өзі жасайтын ұсталық қасиеті де болыпты.
  Бірінші топтағы еңбек мүгедегі «Қазақ соқырлар» қоғамының мүшесі болған жылдарда осы қоғамның өміріне белсене араласты. Аталған ұйымның ең қарт өнерпазы, суырып салма ақын М.Қарабөпеев кезхінде IX облыстық байқауда жүлделі екінші орынға ие болыпты.
  Майдангер Махамбетжан атамыз 1988 жылы 14 тамызда 74 жасында дүниеден озды. Отағасы тәрбиелеп-өсірген 6 перзенттен бүгінде 17 немере мен 10-нан астам шөбере бар. Жүрегі Отан деп соққан соғыс майдангерінің өнегелі өмірі кейінгі бақтты ғұмыр кешіп жатқан ұрпағының есінде сақталмақшы.

Д.ЕЛУБАЕВ,
Қызылорда қаласы

11 сәуір 2018 ж. 1 014 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области