КҮЙ – ТӘҢІРДІҢ КҮМБІРІ
Қызылорда облыстық филармониясының залында қазақ халқының ұлы күйшісі, композитор Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай концерт өтті. Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі ерекше кешті сахараның дәулескер күйшісінің құрметіне «Күй кие – Құрманғазы» деп атапты.
Жергілікті халық аспаптар оркестрінің концерті дарабоз өнерпаздың «Кішкентай» және «Адай» күйлерінен бастау алды. Бұл шығарманы ол 15 жасында ұлт азаттық көтерілістің жетекшісі Исатай Таймановақа арнаған және ең алғашқы күйлерінің бірінен саналады. Ал, оның «Сарыарқасы» бүкіл қазақ халқының еркіндікке, азаттыққа деген құлшынысының көрінісіндей. Музыка мамандары «Сарыарқа» күйін Құрманғазы шығармашылығының ең биік шыңы, қазақтың дәстүрлі музыкасының шыңында тұрған шығармалардың бірі деп есептейді.
Ұлттық өнерімізді әлемге танытқан бұл шығарма күйшінің туған жеріне, қазақтың кең даласына деген махаббатынан туған туынды. «Сарыарқаны» композитор қуғын-сүргінге ұшырап жүрген шағында жазған деседі.
Бүгінгі таңда оның «Сарыарқа», «Адай», «Балбырауын», «Кісен ашқан», «Ақсақ киік» сияқты көптеген күйлерін еліміздегі белгілі симфониялық және халық аспаптар оркестрлері орындап жүр.
Концертте Алдияр Шағдатов «Төремұрат», Марат Искендиров «Көк ала ат», Әлімжан Әбсадықов «Терісқақпай», Болат Күзембаев «Байжұма», Ғафура Қаппарова «Ұзақ Ақжелең», Еркін Базарбаев «Боз шолақ», Мұрат Құттымұратов «Айда, бұлбұл Айжан-ай», Науан Жарасов «Қапы» күйлерін, ал домбырашылар оркестрі өзге де күрделі шығармаларын орындады.
Құрманғазы тек күйші, дәулескер домбырашы ғана емес. Ол – азаттықтың жаршысы. Ол – қазақ халқы тәуелсіздікке жетсе екен деп армандап өткен өршіл өнерпаз. Күйлерінде сол еркіндікті аңсаудың өрелі өрнегін көреміз.
Құрманғазы атақты Соқыр Есжанның алдын көрген, Дәулеткерей секілді жайсаң күйшімен, Сыр бойындағы Ешнияз салмен сырлас болған деген аңыз бар. Айта кетейік, «Тұрмағамбет» атындағы халық аспаптар оркестрінің бас дирижері – «Құрмет ордені» және «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Кеулімжай Ботабаев болса, оркестр дирижері – ҚР мәдениет саласының үздігі Күлдәрі Избанова.
Уақыт өтсе де шығармалары өзектілігін жоғалтпаған Құрманғазы Сағырбайұлының күйлері ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа берілер асыл мұрамыз. Оның рухани бай шығармашылығы қазақ халқының баға жетпес қазынасы болып қала бермек.
Кызылорда-ньюс.