ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ӨТКЕН ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Қызылорда облысының әкімдігінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен жылу беру мауысымының қорытындысы бойынша мәжіліс өтті. Мәжіліске ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешев қатысты.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин 2017-2018 жж. жылу беру маусымының қорытындысы туралы баяндап, аймақтағы әлеуметтік нысандарға 50,2 мың тонна көмір мен 26,5 мың тонна дизель отыны жеткізілгенін және жылу тұрақты түрде берілгенін мәлімдеді.
«Жалпы 2017-2018 жылдардағы жылу беру маусымына облыс тұрғындарына қажетті көмірдің 209 мың тоннасы жеткізілді. Көмірмен қамтамасыз ету бойынша тұрғындар арасында өзекті мәселелер болған жоқ. Алайда, атап өту қажет, Сырдария және Жалағаш аудандарының тұрғындары облыс орталығынан Шұбаркөл көмірін тасыды. Себебі, облыс орталығында Шұбаркөл көмірінің бағасы арзан және қажетті көлемде алуға мүмкіндік болды. Осы орайда, облыс халқы тамыз-қыркүйек айларынан бастап қысқы мезгілге дайындалуына, яғни көп мөлшерде көмір алуына байланысты, қала және аудан әкімдіктеріне тамыз-қыркүйек айларында отын қоймаларда қажетті көмірдің 70 пайызының жеткізілуін қамтамасыз ету бойынша тиісті тапсырма беруіңізді сұраймын», - деді басқарма басшысы.
«Әкімдер басқарма ұсынысын ескеруі тиіс. Көмір тапшылығына байланысты ажиотаж жасанды түрде, жауапты қызметтердің жұмысы тиісті деңгейде ұйымдастырылмағандықтан пайда болды деп есептеймін. Қала және аудан әкімдеріне көмір қорын тамыз-қыркүйек айларында жеткізілуін қамтамасыз етіп, осы міндетті дайындық штабтарының жылу маусымына дайындық жоспарына еңгізуді тапсырамын. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жылу беру маусымына дайындық аяқталмай қалған аудан, қала бюджеттерінің нақтылауын бекітпеуді ұсынамын», - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
«Қазтрансгаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының директоры Талғат Қызылбаев және «ҚЖЭО» МҚК директорының м.а. Руслан Нұрмағанбетов жүргізілген жұмыс туралы баяндады. Естеріңізге сала кетейін, 14 ақпан күні Қызылорда қаласында АГТС-2 газ құбырында ақау орын алып, қала тұрғындары табиғи газсыз қалды. Аймақ басшысы газ қорын жинақтау туралы тапсырма берген болатын. Талғат Қызылбаевтың айтуынша, қазіргі таңда қажетті жұмыстар жүргізіліп, 70 пайызға жуық қор жасақталды.
Өз кезегінде, облыс әкімінің инвестиция тарту мәселелері бойынша кеңесшісі Болат Рамазанов энергетика саласындағы жобаларды жүзеге асыру жайында баяндады. Атап айтқанда, жақын арада облыста газ поршенді станция құрылысы басталып, жыл соңына дейін қажетті құрал-жабдықтарды жеткізу басталады деп хабарлады Болат Рамазанов.
Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімі Қ.Көшербаев жауапты тұлғаларға қазан айына дейін тиісті жұмыстарды жүргізіп, 1 маусымға дейін газ поршенді станция мен жылу қазандығы құрылысының жобаларын әзірлеп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алуды тапсырды.