БОЛАШАҚҚА НАҚТЫ ҚАДАМ
Экономика дамуының негізгі факторларының бірі – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін тиімді жүргізу болып табылады.
Сондықтан, бұл мәселелерге Елбасы жыл сайынғы бағдарламалық Жолдауларында (100 нақты қадам, Рухани жаңғыру және т.б.) аса мән беріп келеді. Жүйенің бірінші кезеңінде (басқарудың төменгі деңгейлеріндегі қолданыстағы жүйенің әлеуетін кеңейту), алғашқы рет ауылдық округ әкімдерінің сайлауы, оларға кіріс көздерін қалыптастыру мақсатында төрт түрлі салықтық емес түсімдер түсуі қаралып және қолма-қол ақшаны бақылау шоттарын ашу құқығы берілді.
Одан қалды, ауылдық әкімшіліктердің өкілеттіліктерін арттыру үшін қосымша мемлекеттік қызметкерлер штаттары көбейтілді.
Сонымен қатар, кіріс көздерін қалыптастыру және қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына түсетін салықтың 6 түрі (жеке табыс салығы, жеке мүлік салығы, жеке көлік салығы мен жер салығы, заңды тұлғалардан алынатын көлік және жер салықтары) ауылдық округ әкімдеріне берілді. Ауылдық әкімдер жанынан жергілікті қауымдастықтар құрылып, түскен түсімдерді ауылдардың игілігіне жұмсау құзыреті осы қауымдастықтардың келісімімен жүзеге асырылды.
Ал, жүйенің екінші кезеңіне келсек, ол жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару функцияларының аражігін одан әрі ажырату, жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджеті мен меншігін қалыптастыруды көздейді.
Яғни, бірінші кезекте қолға алған жұмыстардың тиімділігі екінші кезеңде нәтижесін бермек. Жоғарыда айтылған 6 салық түрінен түскен түсімдер халқы 2000-нан асатын ауылдық округтің дербес бюджетін қалыптастыруға тікелей әсер етеді. Осы 6 салықтың түсімінің жиналуына ауылдық округ әкімі аса мән беріп, жауапкершілікпен қараулары қажет. Және де жоғары тұрған бюджетке салмақ салмай, ауылдық округ әкімдері өздері жинақталған салықтар түсімдерін алдағы уақытта нақтылауға мүмкіндіктері бар.
Осылайша, Бюджеттік Кодексте осыған дейін республикалық, облыстық және аудандық бюджеттер деңгейлері ғана болса, енді «4-ші деңгейлі бюджет» деген түсінік енгізілді.
4-ші деңгейлі бюджеттің ойдағыдай енуін қамтамасыз ету үшін тиісті Іс-шаралар жоспары әзірленді.
Ондағы мақсат - жаңа бюджет деңгейінің жүргізілуіне қажетті ауылдық округтерде тіркелмеген жылжымайтын және жылжымалы мүлік жөніндегі уәкілетті органдардың деректер базаларымен салыстыру, өзектілендіру және толық дайындығын қамтамасыз ету, ауылдық округтердің бюджеттері бойынша салықтық түсімдерді «бөлшектеу» бөлігінде жергілікті өзін-өзі басқару дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізуге уәкілетті органдардың ақпараттық жүйелерінің дайындығын қамтамасыз ету, үзіліссіз интернет желісін құру, заманауи компьютерлермен жабдықтау, білікті заңгер мен есепшілерді және ауылдық округ әкімдерін осы жүйеге қатысты нормативтік актілер негізінде оқытудан өткізу.
Осыған байланысты, мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау өңірлік орталығында бюджетті жоспарлау, орындау және коммуналдық меншікті басқару жайлы бір апталық оқыту семинарлары ұйымдастырылып, 65 ауылдық округтердің әкімдері, есепшілері, заңгерлері дәріс алды.
Осылайша, осы жылдан бастап аудан және Қызылорда қаласы әкімдері өз бюджеттерімен қоса, ауылдық округтердің бюджетін қалыптастырып, бекітті.
Облысымызда 146 ауылдық округ болса, оның ішінде халық саны 2000-нан асатыны – 65. Атап айтқанда, Арал ауданында-7, Қазалы ауданында-4, Қармақшы ауданында-8, Жалағаш ауданында-5, Сырдария ауданында-8, Шиелі ауданында-14, Жаңақорған ауданы-11, ал Қызылорда қаласында-8 дербес бюджет енгізіледі.
Д.ШАРАПАТОВ,
Әділет департаментінің бас маманы,
ҚР Заңгерлер одағының мүшесі