Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ДӘСТҮРДІ ҰЛЫҚТАҒАН ТОЗБАЙДЫ

ДӘСТҮРДІ ҰЛЫҚТАҒАН ТОЗБАЙДЫ

Рухани жаңғыру дегеніміз не? Оның өзегі қайсы? Мақсаты қандай? Жаңғырудың мәні түсінікті. Өткенді қалпына келтіру, заман ағымына бейімдеу, өткенді тірілту.
  Міне, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар дегенмен, әр дәстүрдің тынысы әр қазақтың жүрегінің соғысына байлаулы. Демек, өзге жұртқа ұқсамайтын, өзіндік болмысы биік Алаш жұртының әр дәстүрі жаңғырып, заман ағымынан қалып қоймауы тиіс. Технология мен ғылымнан көш бастаған жапондар түске дейін костьюм киіп, жұмыста жүрсе, түстен кейін ұлттық киімімен шіркеуіне бас сұғады. Ал, қазақ кімнен кем? Төрде қамшы мен домбыра, босағада жілік ілініп тұратын қазекем ешкімнен кем түсіп жүрген жоқ. Ұлттық дәстүрі де барынша нарыққа бейімделуде. Мәселен, қараша үйге киіз басатын кісілер бар ортамызда.
  Сондай шебердің бірі – Тұрмағамбет ауылының тұрғыны, «Алтын алқа» иегері Күлпаштай Қартаңбаева. Жасы жетпістің үстіне шыққанардақты ана киіз басу ісімен бала кезден шұғылданған екен. Кезінде тәрбиешілік мамандық алған ол балабақшада меңгеруші, аспаз, басқа да қызметтер атқарған.
  Ауылдық кеңестің төрағасы, ел азаматы болған Қаппар Ұзынжасовпен бірге тоғыз бала тәрбиелеп, олардан тараған немере-шөберенің қуанышын көріп отырған асыл әже ұлттық құндылықтарымызға қатты алаңдайды.
  «Халқымыздың қасиетті өнерін жоғалтып алмауымыз қажет», - деп бастады әңгімесін тұрмағамбеттік тұрғын.
– Салт-дәстүрінен тоқыраған халықтың болашағы бұлыңғыр, келешегі күңгірт. Осы өнерді бала кезімнен бойыма сіңірдім. Ақ босаға аттағаннан бастап қолөнермен айналысамын. Өмірім еңбекпен өтіп келеді. Үкіметтің жұмысын істей жүріп дәстүрден қол үзбедім.  «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» демей ме? Қайсыбір жылдары бұрынғы ауыл төрағасы Гәжденбек Қалдашбаев ауылда 5-6 қыз-келіншектің басын құрап, жақсы жұмыс ұйымдастырды. Олардың арасында бас болып, түрлі қол бұйымдарын жасап, оларды саттық. Бірақ, кейін жабылып қалдық.
  Жаз басталысымен жас келіндерге жүн сабатып, текемет басамын. Бұл істе келінім Мира, ауыл тұрғындары – Марияш пен Гүлми көмекші. Қорада қойларым бар. Жүн жетпей жатса қосымша сатып аламын. Шаңырақтың киесі болған – Байқоңыр, Қызылорда қаласы, Арал, Қармақшы ауданында өткен жәрмеңкелерде жүлде салған сегіз қанатты ақшаңқан киіз үйім бар. Туырлығын, үзігін, түндігін қолмен басқанмын. Парқын білгенге, қараша үйдің әсемдігімен қатар, адам денсаулығына пайдасы көп. Киіз үйдің ою-өрнегі, бау-шуы, ішкі көркемдігі – көңіл-күйді көтереді, эстетикалық әдемілік сыйлайды.
Қолөнер – ұлттық мақтанышымыз. Қолмен жасалған бұйымды заманауи технология ауыстыра алмайды. Жасым сексенге жақындаса да төл өнердің жанашырымын және киіз басуды үйренгісі келгендерге көмек қолын созуға әркез даярмын, – дейді шебер.
Текеметке түр салу, ақ киізге қыжымнан ою басу, кілем тоқу – шебердің бір қыры болса, енді бір қыры-сынған, бұзылған киіз үй ағаштарын қайта қалпына келтіріп, сырлап береді. Киізін жаңартып, қараша үйді жаңғыртады, - деген Күлпаштай Қартаңбаева ойын төмендегіше өрнектеді:
– Алыс, жақын жерлерден киіз үй ағашы мен киіз жабдықтарын жөндеп беруге тапсырыстар түседі. Ақысын төлеп жатса, неге жұмыс істемеске? Он екі қанат киіз үйді де жаңартқан кезім болды. Өз ісінен ләззат алған адам ешқашан шаршамайды.
Салт-дәстүрімізді сары майдай сақтап, шынжырдың шығырығындай жалғап келген Күлпаштай ананың шаңырағы – өзінің алтын қолынан шыққан қолөнер туындыларына толы. Ондағы көздің жауын алатын, жүректі жаулайтын ұлттық ою-өрнектер – ғасырлар қойнауына жол тартқандай.

С.ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ,
Қармақшы ауданы



28 сәуір 2018 ж. 844 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области