ҰСТАЗБЕН ҚОШТАСҚАН КҮН
Ұстазым Көшеней Рүстембеков 1970-1971 жаңа оқу жылында Қармақшы ауданы Ақжар ауылындағы №28 орта мектепке мұғалім болып келді. Ол кезде 8-ші сыныпта оқитынбыз. Бізге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берді. Әсіресе, әдебиет пәнін өткенде ұстазымыз сабақты ақын-жыраулар өмірімен байланыстыра, олардың толғауларынан мысалдар келтіре отырып өткізетін. Сабақ соңынан біздер ағайға Тұрмағамбет ақынның толғауларынан үзіндіні домбырамен орындап беруін сұрайтынбыз.
Ол кезде мектептегі музыка кабинетінде ағайдың домбырасы ілулі тұратын. Сол домбыраны алдырып, ерінбей біздің өтінішімізді орындап, терме айтып беретін. Біз жағымызды таянып, ағайдың әсем әніне тамсана қарап, үн-түнсіз тыңдайтынбыз. Ағай әнді орындап бола бере:
– Жыраудың делебесі «Ой, пәлі!» десеңдер қозады. Сол қолпаштарың қайда? - деп аузын аша, көмекейін көрсетіп күлетін. Сасқалақтап қалған біз: «ой, пәлің!» - деп шапалақ ұратынбыз.
Бізде ағай сабақ барысында Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ» әндерін үйретті. Көшеней ағайдың үйреткен әндерін тез ұғып алатынбыз.
Бір күні сабақ соңында: «Бұл сендерге өтіп тұрған соңғы сабағым, ертең амандық болса, Москваға аспирантураға оқуыма жүремін», - деді.
Бұл Көшеней ағайды ең соңғы рет көруіміз екен.
1973 жылы біз 10-сыныпта оқып жүргенбіз. Наурыз айының сегізі күні Көшеней ағайдың Москва қаласында қаза болған қаралы хабарын естігенде, есеңгіреп қалдық.
Ауылдың орталық көшесіндегі радиодан таңертеңгі сағат тоғыздан бастап ағайдың күйтабаққа басылған термелерін берді. Осылайша, 8-наурыздан 14-наурызға дейін үзбей беріп тұрды. Ал 13-наурыз күні ағайдың табытқа салынған мәйіті келді.
Есігінің алдында (аулаға) киіз үй тігіліп, беті шынымен жабылған табыттағы денесін сонда қойды. Ағайдың бас жағында үкілі домбырасы ілулі тұрды. 10-сынып оқушылары – біздер ағай денесін қашан шығарып кеткенше күзетіп тұрдық. Ауыл тұрғындары тайлы-таяғы қалмай, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ағаймен қоштасып шықты.
Бүкіл елге танымал жыршы ғой, халық өте көп жиналды. 14-наурыз күні қаралы митинг өткізіліп, ағай туралы көптеген ұлағатты сөздер, естеліктер айтылды. Көшеней ұстазымның мүрдесі салынған табытты машинаға салмай, халық кезек-кезек қолмен көтеріп, ауыл маңындағы орталық зиратқа апарып жерледі.
Сол кезде белгілі жырау Көшеней Рүстембеков бар болғаны 27 жаста ғана еді. Артында аңырап анасы, аяулы жары, төрт баласы қалды.
Халима ДӘНДЕСОВА,
Көшенейдің шәкірті
21 сәуір, 2006 жыл
Қармақшы ауданы Ақжар ауылы
(Мақала «Жұлдыз боп аққан жыр-ғұмыр» кітабынан алынды).