Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » БІРЖАРЫМ ҒАСЫРЛЫҚ ТАРИХЫ БАР КІТАПХАНА

БІРЖАРЫМ ҒАСЫРЛЫҚ ТАРИХЫ БАР КІТАПХАНА

Рухани өмірімізде Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының орны айрықша. Кітапсүйер қауымның сүйікті мекеніне айналған мәдениет ошағының 150 жылға тарта тарихы бар. Сәулеті келіскен бүгінгі облыстық кітапхананың іргетасы сонау 1867 жылы қаланғаны көп оқырман үшін беймәлім.
Үш ғасырдың тынысы сезілетін Қызылордада кеше мен бүгінді жалғастырған осындай байырғы мәдени орындар саны аз емес. Алайда, бұл рухани орданың орны өз алдына бір төбе. Алғашында Ақмешіт уезінің әскери бекінісінде халық игілігіне ашылған кітапхана 1917 жылға дейін қалалық кітапхана болып қызмет жасаған. Араға 20 жылға жуық уақыт салып, 1938 жылы облыстық кітапхана мәртебесін алды. Осылайша есігін қайта айқара ашқан руханият ордасына белгілі жазушы Максим Горькийдің есімі берілген еді. Осыдан кейін кітапхана тынысы кеңейіп, түрлі бағытта қызмет көрсететін бірнеше бөлімдер ашылды. Көптеген өз ісінің білгірлері келіп, рухани орданың жұмысы жандана түсті. Бұл тұрғыда Лариса   Платонова, Мадхия Ғалиасқарова, Раушан Сәруарова, Пернекүл Дүйсенбаева мен өзге де білікті мамандар өңіріміздің осы сала ісінің қарыштап дамуына зор үлес қосты. –
Кітапхана тарихы тереңде екенін, оның қайнар көзі сонау ілгері жылдардан бастау алатынын көп оқырманымыз біле бермейтіні рас. Өкінішке орай, оның үстіне сол жылдардағы біздің мекеменің тыныс-тіршілігі туралы мәлімет өте мардымсыз. Тіпті, қолымызда сол кезеңдегі суреттері де жоқ. Бірақ, 1938 жылы Қызылорда өз алдына бөлініп шыққаннан кейін ол қалалық деңгейден жоғарылап, облыстық мәртебесін алды. Содан бері де 80 жыл өтіпті. Бұл атаулы күн
  Қызылорданың 200 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуінің де өз маңыздылығы бар. «Қос тойың қабат келсін» демекші, алдағы жылы екі бірдей мерейтойды жоғары деңгейде қатар атап өту жоспарда бар. Әзірге аталмыш мереке аясында өтетін мәдени іс-шараларға дайындық үстіндеміз, – дейді облыстық кітапхана директорының орынбасары Бақытнұр Мырзахметова.
  Ғасырдан астам уақытты заман көшімен артқа тастаған мәдени ошақ тұғырлы тәуелсіздігімізді алғаннан кейін 1999 жылы халық жазушысы, ақын Ә.Тәжібаев есімін иеленді.
  Тау тұлғаның атымен аталған нысан 2009 жылы типтік жобада салынған жаңа ғимаратқа көшірілді. Оның ашылуында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы келді.
  Бүгінде бұл мәдени нысан республикалық, облыстық деңгейдегі айтулы жиындар мен түрлі рухани басқосулар өткізілетін орын ретінде айрықша маңызға ие болды. Сондай-ақ, заманауи компьютерлік құрал-жабдықтармен толық жасақталып, келушілердің жас ерекшеліктеріне қарамастан барлық санатта қызмет көрсететін өңірдегі ең ірі ақпараттық мәдени орталыққа айналды. Онда қазіргі таңда 9 бөлім мен 7 сектор кітапханалық-ақпараттық қызмет түрлері бар.
  Кітап қорына келсек,мұнда барлығы 409 830 дана кітап бар. Оның ішінде 100 мыңнан астамы қазақ тіліндегі әдебиеттер үлесіне тиесілі. Мұнда тарғыл тарих беттерінен тереңінен сыр шертетін құнды мұралардан өзге халқымыздың белгілі тұлғаларынан қалған ескі жәдігерлер де жеткілікті.
  Мәселен, Сыр өңірін, туған жерін өмірінің соңына дейін жырлап өткен Әбділда Тәжібаевтың мұражайында ақынның қолжазбалары, кітаптары және көзі тірісінде тұтынған заттары көпшілік назарына қойылған. Ал, екі жыл бұрын көрнекті драматург, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың мұрасы Сыр бойы оқырмандарына сыйға беріліп, жазушының жеке кітапханасы ашылды.

Б.ТІЛЕУБЕРГЕНОВА
04 мамыр 2018 ж. 830 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области