ДАРИЯ АРНАСЫНДА МОЛ СУ ЖАТЫР
Қазір Сырдария өзеніне көп мөлшерде су келіп жатыр. Оның үстіне, мамандар биыл қыс қатты болады деп болжам жасады. Алдағы уақытта және мұз қату кезінде су тасқынын болдырмас үшін қажетті жұмыстар атқарылуда.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қоршаған орта және су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Әділхан Қарлыханов айтып өтті.
Инспекция басшысы берген мәліметке сүйенсек, Тоқтағұл қоймасындағы су көлемі 19 млрд 340 млн текше метр болса, Әндіжан қоймасындағы тіршілік көзі 1 млрд 37 млн текше метрге жеткен. Биыл Бахри Точик, Шарбақ қоймаларында да әдеттегіден көп мөлшерде су жиналған. Ал Шардарадан секундына 400 текше метр су жіберілуде.
Бүгінгі таңда болуы ықтимал су тасқынының алдын алу жұмыстары жасалуда. Дария бойындағы қауіпті деген аумақтарды күшейту үшін 122 адам, 99 техника жұмылдырылды. Бөгеттер қараша айының соңына дейін салынып бітеді. Қауіп туындаған жағдайда егістік алқаптарды суаратын барлық деңгейдегі арналар мен көлдерге су жіберіліп, оның деңгейі төмендетіледі.