ЦЕХ ЖҰМЫСЫ ӘЛІ ДЕ ЖАНДАНАДЫ
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев биылғы жылды облыста жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы деп жариялаған болатын. Бұл бастама кәсібін дөңгелентемін деген адамдар үшін жағымды жаңалықтардың бірі болып отыр. Ауданымыздың көптеген тұрғындары түрлі бағытта кәсіпкерлікпен айналысып, еңбек етіп жүр. Солардың бірі- қаламыздағы Мұса Сәдібеков №55 үйдің тұрғыны Гүлшат Карибаева. Қазіргі таңда ұлы Айкелді анасының кәсібін ұршықша үйіріп отыр. Ал, өзі болса ауласынан ашқан «Қуаныш» азық-түлік дүкенінде келіні екеуі жұмыс жасауда.
Иә, заман талабына сай, өмірде әр түрлі жаңашылдықтың игілін көріп келе жатырмыз. Соның көбі баспана жағдайында кездеседі. Яғни, көптеген жылдар бойы ағаштан жасалған есік-терезелерді тұрмыста қолданып келдік. Ал, бүгінде заманауи талапқа сай пластикалық терезе-әйнектерді қолданып жүрміз. Бұл біріншіден, үйдің көркі болса, екіншіден, өте қолайлы. Сол себепті, ауданымызда да платикалық есік-терезелерді дайындау мен орнату ісін бірқатар еңбек адамдары жетік меңгеріп, табыс тауып жүр.
Түріктің «Кави» маркалы өнімдерімен кәсібін жандандырған кәсіпкер алғашқы жұмыс істеген жылдары әуелі арзан қондырғыны пайдаланды. Тапсырыс мөлшері көбейген кезде, қол станогымен жұмыс жасаудың тиімсіз екенін түсініп, арнайы дәнекерлеуші аппаратты Түркиядансатып алған. Бүгінде цехтағы терезелер ресейлік құрал-жабдықтармен жасалатын болса, терезеге қажетті құралдардың барлығын ол Ақтөбе мен Алматы қалаларынан тасымалдайды. Кәсіп иелері жеке үйлермен қатар, балабақшаларға, мектептер мен қоғамдық ғимараттарға да қызметін ұсынуда. Сондай-ақ, Айкелді екі адамды жұмыспен қамтамасыз етуді де жолға қойған. Ал, маусымында келісім шартпен 4-5 адамды жұмысқа алып, оларға айлық жалақы төлеп отырады.
Бізбен әңгімесінде Айкелді Қуандықұлы:
-Қазір жұмыс бірқалыпты жүріп жатыр. Маусым кезінде тапсырыс көбейеді. Қыста тапсырыс аз болғанымен, екі қабатты есіктерге деген сұраныс жоғары болады. Әрдайым бұрын да қажетті тапсырыстың өлшемін алу, сәйкес дүние құрастырумен айналысқанмын. Сондықтан да, бұл жаңа кәсіпті меңгеруім айтарлықтай қиынға соққаны жоқ. Тұтынушылар өзінің не қалайтынын жақсы білулері қажет. Мәселен, пластикалық терезелердің шынысы әр түрлі қабатты болып келетіндіктен, жатын және балалар бөлмесін жабдықтаған кезде үш қабатты шыныға тапсырыс берген жөн. Себебі, жылу сақтағыш қабілеті жоғары . Ас үйге келгенде мұқият болған дұрыс. Олай дейтінім, онда ылғи да ас дайындалатындықтан, ауа ылғал болып буға айналады. Сол үшін де төбеде ауа желдеткіш жұмыс істеп тұрғаны жөн. Әр бес жылда пластикалық терезе дайындау технологиясына жаңашылдық енгізілетіндіктен, жұмысшыларым ұдайы ізденіс үстінде жүреді. Олар станоктарды қолданудың қыр-сырын меңгеріп, қазірде өндірістің шебері болып жұмыс жасайды. Әрдайым біліктіліктерін жетілдіріп, жаңа технологияларды меңгерулерін қадағалап отырамын. Әйтпесе, бәсекелестерге жол беріп алуың мүмкін.
Терезенің санына емес, сапасына мән беретін кәсіпкер былтыр бірнеше миллионға есік-терезелер жасап, Үкіметке қомақты салық өткізсе, биыл да жасап шығарған өнімлерінің нәтижесі де жаман емес. Күніне 10-15 шаршы метр өнім дайындайтын кәсіп иелері жауапкершілікті жоғары қояды. «Мемлекет мағани не береді?» деп қол қусырып қарап отырмайды. Керісінше, «мен мемлекетке не беремін?» деп ойлауға бейім тұратын оның алға құрған жоспарлары көп-ақ. Соның бірі-Үкіметтен жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін кеңейтсем деген ниеті. Алдағы уақытта олар озық технологияларды пайдалана отырып, цех ішінде жұмыстарын жүйелі түрде жалғасытара бермек.
Арал ауданы