ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫҢДЫ ТІК
“Туған жерге туыңды тік” деп дана халқымыз бекер айтпаған. Осы бір ауыз сөзде қаншама салмақты ой, терең сыр жатыр десеңізші?! Ұядан қияға ұшып, ат жалын тартып азамат боп кетсе де туған жерге деген құштарлық сезім әркімнің ет жүрегінде от болып алаулап тұратыны айдан анық. Егеменді ел, тәуелсіз жұрт болғалы туған жерге деген іңкәр көңіліміз, сүйіспеншілік сезіміміз жарқын істерге жалғасып жатыр.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы «Туған жерге тағзым» акциясы да көпшіліктің көңілінен шыққан оң бастама екені сөзсіз. Аталған акция асында Арал ауданынан шыққан азаматтар және ауыл тұрғындары осы уақытқа дейін 94170,0 мың теңгеге демеушілік жасап, қайырымдылық көмек көрсетіп келеді.
Айталық, ауданға қарасты Аманөткел елді мекенінде жеке кәсіпкер өз қаражаты есебінен жаңа мешіт салып берсе, осы елді мекен жастары футбол алаңын қоршап, мәдени демалыс орнына арналған сахна құрылысын жүргізді.
Сонымен қатар, Ерімбетжаға елді мекенінде ауыл тұрғындарының қаражаты есебінен жаңа мешіт ғимараты бой көтерсе, Қосжар елді мекенінде Ізімбет ахун ұрпақтары жаңа мешіт құрылысын жүргізіп, халыққа пайдалануға берілді.
Жеке кәсіпкерлер жаңадан ашылған мешіттер мен мектептерге дыбыс күшейткіш аппаратура, мектептерге мультимедиялық проекторлар және мектеп жаттықтырушылары мен оқушыларды спорттық киімдермен қамтамасыз етті. Қарақұм елді мекенінен жеке кәсіпкер жаңа тағзым алаңын салса, Қызылжар елді мекенінде орналасқан «Оңғар ахун» мешітінің күмбезі де осы ауыл азаматы жеке кәсіпкер тарапынан жаңаланды.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауданның жеке кәсіпкерлері халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында көмек көрсетіп, қайырымдылық шараларын жүргізуде.
Алдағы уақытта, Шижаға елді мекенінің тумасы жеке кәсіпкер өз қаражаты есебінен Шижаға елді мекенінен аллея салуды жоспарлап отыр.