ЖАЛҒАН ЖАЛАНЫҢ ҚҰРБАНЫ
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы қызыл империя әдейі ұйымдастырған қанды террор мен жаппай репрессия қазақ халқының тарихында мәңгілік өшпестей қаралы таңба қалдырды. Кеңестік жүйенің қандықол жендеті НКВД салған зұлымдықтар салдарынан халқымыздың көптеген аяулы азаматтары жазықсыз жазаланды. Сұмдығы сол, НКВД органдары тұтқындауларды жоспарлы түрде жүргізген болатын, яғни ай сайын қанша адам ұсталуы керек деген рақымсыз нұсқаулар жоғарыдан түсіп тұрған.
Осындай жағдайға тағдырдың жазуымен әкеміз Жүсіп Тәубеков те душар болған. Сексеуіл кентінде туып-өсіп, жастайынан хат танып, бертін келе ауыл балаларына сабақ оқытқан. 1919 жылы Сырдария губерниялық халық-ағарту бөлімінің жолдамасымен арнайы мұғалімдік курсты тәмамдап, Қазалы теміржол бекетінің №62 мектебіне орналасып, 1928 жылға дейін ұстаздық қызмет атқарған.
Сол жылы тұрмыстық жағдайына байланысты Сексеуілге қайта оралып, теміржолға поезд кондукторы болып жұмысқа тұрады. Жанұя құрып, қызметте абырой-атаққа ие болады. Ұжымында беделді қызметкер есебінде 1930 жылы ВКП(б) қатарына қабылданады және аға кондукторлық дәрежесіне өседі.
Ісіне адал, жұмысында озат, белсенді коммунист есебінде 1932 жылы №6 ауылдық кеңеске хатшылық қызметке ұсынылады. Алайда осындай бақытты жағдайда өтіп жатқан өміріне НКВД-ның жоспарлы тұтқындау саясаты килігіп, болашақ арман-мақсаттарына балта шабылады. Сондағы жабылған жаласы адам сенер жағдай емес. Түс мезгілінде үш жұмысшы, яғни Тәубеков Жүсіп, Құлтаев Алдадос және тағы бір адам, поезд жолында үйлерінен әкелген тағамдарын талғажау етіп отырған екен. Сол мезетте НКВД қызметкері теміржол нысандарын аралап жүрсе керек. Қасына ерген НКВД-ның агентіне мына адамдар теміржол көліктеріне зақым келтіргелі, яғни поезд құлатқалы отыр деген мәлімет жаздырып алып, қылмыстық іс қозғап, сотқа берген екен. Содан ұсталып, қамауға алынып, партия қатарынан шығарылып, 1935 жылы 12 наурызда РСФСР қылмыстық кодексінің 59-3б бабымен 8 жылға бас бостандығынан айырылады. Сонымен ойдан шығарылған айыптарды арқалаған әкеміз Қиыр Шығыста орналасқан НКВД қарамағындағы лагерьлердің бірінде жазасын өтейді. Түрмеде көрген сұмдық жағдайларды көбіне айтпайтын. Өзінің қолөнерлік қасиетінің арқасында, яғни ат әбзелдерін, ер-тұрман жасау, етік-кебіс тігу дегендей жұмыстар атқарып, талай қиыншылық жағдайлардан аман-есен қалған екен.
Бостандыққа мерзімін түгел атқарып, 1943 жылдың наурыз айында шығады. Елге оралысымен Сексеуіл локомотив депосына жұмысқа кіріп, 14 жыл бойына темір ұстасы болып қызмет атқарады. Осы уақыт аралығында еңбек озаты саналып, 17 мәрте депо басшылығының марапаттарына ие болады. Зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмады. Сексеуіл кентінің іргесінде орналасқан Құланды жылқы зауытының тіршілігіне етене араласып, қоғамға өзінің белсенді үлесін қосты.
Әкеміз 1970 жылы 75 жасында өмірден өтті. Ол кісіні білетін адамдар жақсылығын, адамгершілігін, парасаттылығын, имандылығын айтатын. Кешегі келмеске кеткен қызыл империяның қуғын-сүргін саясатының құрбаны болып, бір басына қанша ауыртпалық артылса да, Жүсіп ақсақал балаларын отансүйгіштікке, халқына адал қызмет атқаруға тәрбиеледі. Өз өмірінің жарқын болашағының, үміт-арманының қастықпен қиылғанына қынжыла отырып, сол заманның құйтырқы саясатының заңды көрінісі екенін айтып, балаларын адалдыққа, ар-ождан тазалығына, абыройды жоғары ұстауға баулыған еді. Қазақ халқына геноцид ұйымдастырып, қасақана құрту саясатын ұстанған кеңестік жүйеден құтылып, Қазақстан егемен ел болып, өткен тарихын қазіргі ұрпаққа тағылым-тәрбие беру мақсатында «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деп жарияланды. Осы атаулы күнге орай Тәубеков Жүсіп әкеміздің басынан кешірген ауыртпалықтарын ұрпақтары еске алып, құран бағыштап отырамыз.
Жүсіп НАЙЗАБАЙ,
Астана қаласы.