МҰРАЖАЙДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ШАРА
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыруда жер-жерде маңызы көп игі шаралар жалғасын табуда.
«Сыр елі – жыр елі» десек, қазіргі таңда киелі өлкеде ұлттық өнерді, мәдени мұраларды насихаттау шаралары облысымызда, оның ішінде Қармақшы ауданында да үздіксіз жүргізіліп келеді.
Жырдың туын тіккен, өнердің қайнар бұлағы Тұрмағамбет ауылында №29 Т.Ізтілеуов атындағы қазақ орта мектебінде «Сыр елі – жыр елі» мұражайы жұмыс жасайды.
Ең алғаш 1973 жылы Қазақ КСР-інің методист мұғалім атағын алған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қожабаев Қаражан ағай қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінде «Сыр елі – жыр елі» бұрышын ұйымдастырып, оны Сыр бойының ақын – жыршылары жайлы мол деректермен толықтырды.
Аталған бұрыш 1975 жылы «Сыр елі – жыр елі» мұражайы болып ашылды. Кейіннен, 1989 жылы мектепке қосымша 120 орындық ғимарат салынып, 1990 жылы пайдалануға берілгенде, сол кездегі мектеп директоры Дариха Әмзебекова апайымыз бір бөлмені «Сыр елі – жыр елі» мұражайы етіп ашты.
Мұнда Тұрмағамбет атамыздың парсы тілінен тәржімалаған шығыстың шоқ жұлдызы Әбілқасым Фердоусидің «Шаһнама» кітабы, Тұрмағамбет атаның киген киімдері, шапаны, тақиясы, көзілдірігі, кездігі, қыны, күлсалғышы сынды заттары бар. Бұл экспонаттар – мұражайдың ең басты мұрағаттары.
Мұражай әр жылдары құнды жәдігерлермен, әсіресе, Қармақшы топырағынан шыққан ақын-жыршылар, туған жердің талантты перзенттері жайлы деректермен толықтырылып отыр.
Айта кетейік, нақты кезеңде аталған мұражай «Туған елге тағзым» бағытында мектеп директоры Зарипа Тасымова бастамасымен қайта жаңғыртылуда.
Мұражай – ел мұрасы. Әр ұрпақтың өз өлкесінің маңызын танып білуге берері көп. Осы ретте Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігі биыл 25 мамыр мен 3 маусым аралығында облыс орталығы – Қызылорда қаласында «Шаһнама» атты ирандық көрме өткізуде.
Осындай игі істің жалғасы Тұрмағамбет ауылындағы «Сыр елі – жыр елі» мұражайынан жалғасын тапты. Нақтырақ айтсақ, 29 мамыр күні Иран Ислам Республикасының Елшілігінің кеңесшісі Масуд Шейх Зейнеддин жүз шайыр шыққан ауылдағы «Сыр елі – жыр елі» мұражайына келіп, игілікті шараларды көргенін қуанышпен жеткізді.
Мұражайдағы парсының ұлы шайыры Әбілқасым Фердаусидің «Шаһнама» кітабын суретке түсіріп, жыраулықтың туын тіккен елдегі Тасберген жырау мектебінің шәкірттері – Әділбекова Нұрпатшайым, Оңғарқызы Арайды тыңдады. Жас жыраулармен естелік суретке түсіп, ұлы өнерге деген сүйіспеншілігін, ризашылығын білдірді.
Ең бастысы ұрпақ тәрбиесіне маңызды мағлұматтар, мұрағаттар бар екенін көріп, қуанышпен пікір алысты.
Кездесу соңында ауыл әкімі Бақытбек Байбарақов мәртебелі мейманға Тұрмағамбет Ізтілеуовтің 4 томдық шығармалары жинағын сыйға тартты. Құрметті қонақ сый ретінде алған кітапты Иран еліндегі қазақтарға арналған кітапханаға қоятынын жеткізді.
Тұрмағамбет атаның немерелері – Тұрмағамбетов Нөсербек пен Әбдірауықова Зәмзе, шөбересі Байғұлиев Ержанмен суретке түсіп, ризашылығын білдірді.
– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ауыл мәдениетін көтеруде ұрпақ тәрбиесі үшін маңызды істер атқара беретін боламыз, – деді мектеп директоры Зарипа Тасымова.
Рүстем АЙБОЛАТ,
Қызылорда қаласы.