ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ТІЛІМІЗ ҮШІН ЖАСАЛЫНҒАН ИГІ ҚАДАМ
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өткен жылдың сәуір айында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ тілін латын графикасына көшіру туралы мәселе көтергені баршамызға белгілі. Ал, сол жылы 27 қазанда Елбасы қазақ тілі қаріптерін кириллицадан латынға ауыстыру туралы тарихи Жарлыққа қол қойды.
Енді Үкімет жақын арада жаңа әліпбиді бекітуі тиіс. Ол үшін алдымен ұлттық комиссия құрылып жұмыс жүргізеді. Нәтижесінде елімізде 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен латын графикасына толық көшу жүзеге асырылады.
Осы тұрғыда Н.Ә.Назарбаев: «Мен қазақстандық мәдениетті ғаламдық мәдени кеңістіктің оңай танылатын сегментіне айналдыру міндетін қойдым. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпарат тіліне айналдырады», - деп атап көрсете отырып, графиканы өзгерту мәселесіне өзіндік ойын ашық білдірді.
Қазақ тілін латын графикасына көшіру кездейсоқ жасалынған бетбұрыс емес. Алаш зиялыларының ана тілін дамытудағы идеологиясын ұстана отырып, Елбасының «Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болады!» деген сөзі пәрмен беріп, мемлекеттік тілдің жаңа даму сатысына жетелейтін латын графикасына көшу мәселесі – уақыт талабы тудырған тарихи, рухани қажеттіліктен туындап отыр.
Тіл мәселесі қай қоғамда да, қай заманда да өзінің маңыздылығын жоймаған. Оған дәлел, XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген түркілердің ұлы қайраткері Исмаил Гаспаралы: «Тілде, пікірде, істе – бірлік керек» деген болатын. Әлбетте, бұл ойдың өзі, бауырлас халықтар арасында ортақ мәдени, рухани, ғылыми, тарихи, экономикалық байланыстар орнату арқылы түркі әлемінің бірлігін нығайтамыз деген идеяны насихаттап тұрғандай.
Жаңашыл, пантүрікшіл идеяның негізін қалаған Гаспаралы құндылықтарын ХХ ғасыр басында тарих сахнасына келген Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары да қолдады.
Бұл ұлт зиялыларының отарлық езгіге түскен халықымыздың бостандығы мен ұлттық рухын қалпына келтіруге ұмтылған қоғамдық-саяси іс-әрекеттерімен астасып жатты. Өйткені, алаш зиялылары түркі бірлігі мен оның рухани құндылықтарын дәріптеу арқылы саяси тәуелсіздікке қол жеткізетіндеріне сенімді болды. Олар бұл мәселе төңірегінде жалпыға ортақ тіл қалыптастыруды аса маңызды мәселе ретінде қарады.
Тілі мен тарихы жақын, мәдениеті мен өнері ұқсас түркі әлемі үшін де ортақ тіл қажет деп есептеді. Бірақ, осы орайда «ол қай тіл?» деген сауалды сұрақ мазалағаны да рас. Бұл сұрақ шешімін таппай, ұлтымыздың басынан үш алфавит жүйесін өткергендігін білеміз.
Біріншісі – араб әліпбиі, ол 1924-1929 жылдар аралығын қамтыды. Екінші – латын әліпбиі, 1929-1940 жылдар аралығы, үшіншісі – кириллицаға негізделген қазақ әліпбиі. Бұл әліпбиді 1940 жылдан бүгінгі күнге дейінгі қолданып келеміз.
1930-40 жылдары ұлт зиялылары Ахмет Байтұрсынов мен Нәзір Төреқұлов латын әліпбиіне көшу қажеттілігінің туындағанын дәлелдеп, оған бастамашы болған еді. Алайда, ұлттық мүдде аяққа тапталған Кеңестер билігіндегі Қазақстанда 1940 жылы кириллица әліпбиі қолданысқа енгізілген болатын.
Қазір әлем елдерінде тарыдай шашыраған қандастарымыз түрлі жазу графикасын пайдалануға мәжбүр. Мысалы, Түркия мен қырықтан астам шет мемлекетте тұратын қазақтарымыз латынша, Қытайдағы қанадастарымыз – араб жазуында, Моңғолиядағы қазақтар – кириллица жазуында. Латын графикасына көшудегі мақсаттың бірі де осылардың бәрінің басын қосу, біртекті ету дегенге тоғысады.
Сонымен бірге, түркі руханиятын жақындастыру үшін латын графикасына көшер болсақ, төмендегі жағдайлардың біразына қол ұшын созған болар едік. Ең алдымен, болашақта ғылым мен техника, компьютер мен роботтар, тіпті әлеуметтік желі тілдері ортақ жүйелі тілге енуі мүмкін.
Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны күмәнсіз ақиқат. Барлық медициналық атаулар, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер – барлығы да латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады.
Осымен байланысты болар, бүгінгі таңда крииллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен. Ал қалған мемлекеттердің көбі латын әліпбиін қолданады. Демек, бұл – кең таралған жазу. Яғни, болашақта түркі әлемінің байланысын, барлық саладағы ортақ мүмкіндіктерін байланыстыру бағытында латын графикасына көшу үлкен көкжиектерге жол ашады.
Ішінара қиындықтар болуы да мүмкін. Десек те, әлем елдерімен терезесі тең, рухани күші біріккен, түркі әлемін өркендету үшін енжарлыққа салынып, қол қусырып отыруға болмайды. Оны әлем елдерінің тәжірибесі де көрсетіп отыр.
Ұлттық тілі жоғары деңгейдегі Жапония ғылыми жұмыстар мен байланыс құралдарын пайдалануға ыңғайлы болуы үшін латын жазуын екінші тіл деңгейіне көтерді. Ендеше, түркі елдерін біріктіретін латын графикасының жобасын ұлттық деңгейге көтеру қажет. Демек, ұрпақ келешегін ойласақ, ұлттығымыздың негізгі белгісінің бірі – тілімізді сақтап қаламыз десек, бірден-бір дұрыс жол – латын әлірбиіне көшу.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Көз – қорқақ, қол – батыр», - деп дана халқымыз айтқандай, екі қолды сыбанып нақты нық қадаммен алға басайық!
Мейрамбек ЖҰМАШОВ,
Қазалы ауданы,
Әйтеке би кенті
Ы.Алтынсарин атындағы
№204 орта метептің
тарих пәнінінің мұғалімі