ЛАТЫН ЖАЗУЫ БІЗГЕ ЖАТ ЕМЕС
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Президенттің бұл Жарлығын өз басым зор қуанышпен қабылдадым. Жалпы медицина саласының қызметкерлері латын әрпімен жазуда еш қиналмайды. Себебі, медициналық оқу орындарында, мейлі орта, мейлі жоғары болсын, алғашқы курстарда латын тілі оқытылады. Оған қоса, барлық дәрі рецептері, кесел атаулары латын тілінде жазылады. Біздің бірлестік шығаратын «Сыр медицинасы» газетін алдағы кезекте латынға көшіру еш қиындық тудырмайды деп сеніммен айта аламын. Өйткені, жаңа айтып өткенімдей, оның негізгі оқырмандары осы сала қызметкерлері. Ал, жалпы айтар болсам, әліпби мәселесі жұртшылықтан қызу қолдау тапқаны белгілі. Президенттің латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін енгізу туралы бастамасы тәуелсіздігіміздің тұғырлы, елдігіміздің мәңгілік екенін айғақтай түсері сөзсіз.
Мұхтар БЕИСОВ,
облыстық медицина қызметкерлерінің
«Сыр медицинасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.