НҰРҚОЖА КӨПІРІНІҢАТАУЫ САҚТАЛСА
Халқына қайырым жасағысы келетін кісілер бағзы замандарда соңына құдық қазып, тал егіп, көпір салып қалдырады екен.
Бірақ бұл қазіргі ұрпақты елең еткізе қоймас. Себебі, бүгінде суды құдықтан емес, үйіміздің ішіне кіріп тұрған желі арқылы ішетін болдық. Айтып отырған ағаш отырғызу мәселесі жолға қойылып, ағаш бүкіл қазақстанды асырайтыны былай тұрсын, елімізді экспорттаушы мемлекетке жеткізе бастады.
Көпір дегенге келсек, ғарыш пен жер аралығына да байланыс орнағалы қашан. Бірақ біз сонау ХІХ ғасырдың 50-жылдарына ойша сапар шексек, сол замандардағы қандастарымыздың басындағы небір қиындықтарды, бүгінгі «Қазақстанның болашағы» болып табылатын «рухани жаңғырған» ұрпақтар өздерінің бүкіл жан дүниесінен өткізе келе, ата-бабаларымыздың әңгіме басында айтқан қайырымдылық туралы істерін сөз жоқ ерлікке, көрегендікке, сахилыққа теңер еді.
Енді сондай кезде мырзалық жасадым деп міндетсінбей-ақ, кей аңыздарға илансақ пайғамбарымыздың қылышының ұшы сызып, осы ізбен жүрген су дарияға айналып, бүгінде Қуаңдария аталатын өзенге өткел орнатқан Нұрқожа Сырлыбайұлы атамыз туралы әңгіме сабақтағалы отырмыз.
Туған өлкесі Сыр мен Аралды былай қойғанда мына шеті Хиуа мен Қоқан арқылы Жайықты жағалап, Арқаға ат шалдырып, Қаратау асып, Созаққа өтіп, Хазірет сұлтан мазарына барып дұға оқып тұратын, көргені мен түйгені мол,
Қазақтың сайын даласында жағалай қонған елдердің тыныс-тіршіліктерін тап басып айтар уәжі мен кесімді сөзі бар Қазанбайұлы Шабақ бидің перзенті Сырлыбай белгілі хан болған.
Оның үлкен ұлы Нұрқожа Қазалы уезіндегі Ақтөбе болысына 1879-1915 жылдары 36 жыл болыс болып, елге әділдігімен, байлығымен, қайрымдылығымен таныл¬ған. Ол Қазалыға 1905 жылы темір жол келгеннен кейін, Орынбордан қарағай бөренелерін вагонмен алдырып, оны Қазалы стансасынан 70 шақырым жердегі Қуаңдарияға ондаған түйемен жеткізіп, Оңтүстік өңірлерден ағаш шеберлерін шақырып, көпір салдырған.
Сағасын қазіргі Тасбөгет су тоспасының жоғары жағындағы Жаңадариядан алып, Қазалының Тасөткел (Отгон) елді мекені тұсынан қуалай ағатын Қуаңның бойында халыққа 110 жылдан астам қызмет етіп, мыңғырған малы мен көші-қонын өткізген көпірді тұрғындар айрықша қадір тұтады.
Уақыт тезіне көніп, халықтың игілігіне тұтынып келген ескі көпірдің ХХ ғасырдың 70-80 жылдары әбден тозығы жетті. Үстімен жүргіншілердің өтуі қиындай бастады. Сонда байырғы өткелге Кішкенеұлы Жиеней бабамыздың ұрпағы, Бозкөл совхозының Тасарықтағы тауарлы қой фермасының меңгерушісі Бекқожа Бөлебаев бірсыпыра жөндеу жүргізіп, қауіпті сейілуге ұйтқы болды.
Тарихқа шолу жасасақ, Сырлыбай ханның шөбересі, Нұрманның немересі, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Бегалы Нұрманұлы Әйтбембетов 1848-1856 жылдары Хиуа ханының бас уәзірі, Шымбай елінің ханы атанған бабасы Сырлыбай өлген соң 1898 жылы балалары Нұрқожа мен Нұрманның күйдірген кірпіштен Түркістаннан ұста алдырып салдырған мазарын өз қаржысымен 1997-2008 жылдары тынбай еңбектене жүріп қалпына келтірді.
ХІХ ғасырдағы сәулеттік нысанды тарихи – мәдени ескерткіштер тізіміне қостырып, мемлекет қорғауына алдыруға еңбек сіңірді. Сонымен бірге Нұрқожа атасы салған көпірді қалпына келтіруге де қажыр-қайратын жұмсады. Соның нәтижесінде бұл мәселе аудан әкімдігі мен аудандық мәслихатта көтеріліп, құны 94 млн теңгеге, ұзындығы 33 метр, ені 10 метр болатын көпір құрылысы салынып, пайдалануға берілді.
Тарих – ешқашан өшпейді. Олай болса ғасырдан астам уақыт бойы «Нұрқожа көпірі» аталып келген өткелдің бұрынғы атауының жойылмауын аудандық аномас-тикалық комиссия ескеріп заң¬дастырса, ұлттық қазынамыздың сақталуына жасалған жанашырлық болар еді.
Шарафадин АЛТЫНБАЙҰЛЫ,
еңбек ардагері
Қазалы ауданы