ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНДА АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ТОЛЫҚ ШЕШІЛДІ
2015 жылы «Арал» СЖКБД филиалының күшімен ІІІ Интернационал-Жосалы бағытындағы д-225мм магистралды су құбырының жанынан қосымша д-225мм болатын ұзындығы 19 шақырым су құбырының құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп Жосалы кентінің су жетіспеушілігі жөніндегі мәселе оң шешімін тапқан болатын. Алайда аудан халқы санының артуына байланысты өңірге көп көлемді су сақтау қоймасын салу қажеттілігі туындаған. Түйткілді мәселе араға аздаған жыл салып шешімін тапты.
Ағымдағы жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Жосалы кентінен «ІІ-су көтеру насос станциясын және ішкі су жүйесін қайта жаңғырту» жобасымен 5000 шаршы метр болатын су қоймасы мен насос станцияның құрылыс-монтаж жұмыстарын мердігер мекеме «РЗА» АҚ-ы атқарып, толығымен іске қосылды. Сондай ақ, Жосалы кенті тұрғындарын 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Тұрғын үйлерге су құбырын кіргізу құрылысы ІV- кезең» жобасымен мердігер мекеме «Сәт Сервис» ЖШС-мен 1364 үйге су құбырын кіргізу және көшелерге магистралды су құбырларын жүргізу жұмыстары атқарылды.
Айта кетейік, қазіргі таңда Иіркөл елді мекенінде 176 үйге және Дүр Оңғар елді мекенінде 439 үйге «Нұрлы жол» бағдарламасымен үй-үйге су құбырын кіргізу құрылыс-монтаж жұмыстарын мердігер «Ақмешіт- Мелиоратор» ЖШС атқаруда.