Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ОЗЫҚ ОЙ – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ АЗЫҒЫ

ОЗЫҚ ОЙ – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ АЗЫҒЫ

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында алдағы меже дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат етіп қойып отырғандығын айта келе: «Бұл мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», – деп кез келген игі істің басында адамның ізгілікке бастайтын санасы тұру керектігін айтқан болатын. Сана дайын болмаған жағдайда кез келген адам өзі жеткен табысты баянды етіп ұстап тұра алмайды, қоғам да сондай.
Біз тек экономикалық жағынан ғана дамып, отыз елдің қатарына қосылғанымызбен, оған халықтың санасы мен рухани дүниесі дайын болмай шықса, онда дамыған қоғам дертке шалдығатыны бар. Оған кешегі Кеңес өкіметінің өздігінен құлауы куә бола алады. «Коммунизмге жетеміз» деп ұрандатқан коммунистер утопияға ұрынды, халықтың санасының сілкінуіне жол бермеді, кез келген мәселені үкімет пен партия ғана шешетіндей сыңаржақ шешім қабылдап отырды. Бұның салдары қоғамдағы адамның да экономиканың да, тоқырауына алып келді.
Бұрынғы кеңестік дәуір күйреген соң сол кезеңде жұмыс істеген өндіріс пен индустрия да тоқырады. Елдің экономикасын жаңа бағытқа бұру үшін тың идеялар мен жаңа бастамаларды қолға алатын кез келді. Елбасы өз мақаласында: «Көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық санасезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды», - деп атап көрсеткен болатын. Елдігімізді бекемдеу үшін, әлеуметтік жағдайымызды көтеру үшін де санаңда сілкініс болуы керек. Егемендіктің арқасында қазақ халқы өзінің ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімен табысты. Тілін дұрыстады, дініне қайта оралды. «Көш жүре түзеледі» деп тарих бетіндегі ақтаңдақтарды толықтыруға күш салып жатыр. Ендігі кезекте әрбір адами капиталды орынды пайдалану тетіктерін де жетілдіре беру керек. Ағылшын жазушысы Герберд Уэллс «Адамзат тарихы негізінен - идеялар тарихынан тұрады» деген болатын. Әр кезеңде де қоғамның жаңаруы үшін қызмет ететін ұлы адамдар тек қана бір аймақты емес, тұтас адамзатты құтқарған кездері болған.
Социалистік жүйе халықтың бәрі тең дәрежеде өмір сүреді, бәрі де коммунизмге жеткен соң жақсы өмір сүретін болады деп бәрін бір деңгейде ұстауға тырысты. Жаппай оқытуды қолға алды, оқудан соң барлығын жұмыспен қамтамасыз етті. Халықтың әлеуметтік деңгейін шешуді бір жолға қойғанымен, қоғамдық даму туралы еркін ойлауға, өз идеясын жүзеге асыруға жол берілмеді. Барлық нәрсені тек жоғарыдан шешетін тоталитарлық жүйе өзін ақтай алмай қалды. Халық – үкімет пен партияның шығарған қаулысын орындаушы қара күшке айналды. Бұл жүйе құлаған соң тек бір ғана жалақымен күн көруге үйренген халықтың көпшілігі тақыр кедейге айналып шыға келді. Адамзат тарихында ескі жүйенің құрдымға кетіп, оның орнына жаңа идеялардың салтанат құруы, ұдайы ескінің орнын жаңаның басып отыруы – табиғи құбылыс. Қоғам алға жылжыған сайын жаңару процесі жүре бастайды, прогрессивті дамудың нәтижесінде келесі сатыға көтерілгенін көрсетеді.
Белгілі американдық педагог әрі бизнесмен Роберт Кийосаки бай болу мен кедей болудың арасы адамдардың ескіше және жаңаша ойлай білуіне байланысты деген тұжырымға келеді: "Бүгінде көптеген адамдар ескі идеяларды бар жан-тәнімен ұстанғандықтан ғана жұмыс істеуге тырысады. Олар барлық нәрсенің бұрынғыша болуын қалайды, сондықтан да ылғи да өзгеруге қарсы тұрады. Мен өз жұмысынан немесе үйінен айырылған адамдарды білемін, олар техникалық прогреске, экономикаға немесе өзінің бастығына қарғыс айтады. Бұл жайттар туралы айту оңай емес, бірақ мұндай адамдар бұл мәселенің өздерінен болатындығын түсінгісі келмейді. Ескі идеялар – оларды тұңғиыққа батырады. Ескі идеялар – олардың ең үлкен пассиві. Пассив – бұл ескі идеялар, яғни, кешегі өткен күн", – деп көрсетеді.
Кеңестер Одағы ыдыраған соң өз тәуелсіздігін алған Қазақ елі алғашқы күннен бастап экономикалық қатынастарды реттеуді қолға алды, дамыған елдердің тәжірибесін үйренуге ден қойып келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен елдің экономикасын тіктеу үшін жаңа идеяның салтанат құратын кезеңі басталды. Елдің экономикасының дамуы үшін жаңаша идеяларды жүзеге асыра алатын іскер топтарды қолдау, бәсекелестікке қабілетті топты құрау арқылы дамуға қадам бастық.
Бұқара көпшілік үшін тығырықтан шығудың жолын табу оңай іс емес. Істеген еңбегі еш кеткен соң меселі қайтып, барға қанағат, жоққа сабыр етіп сүреңсіз қоңыр тіршілікке бой алдырады. Белгілі бір мақсат жолында жасаған талабы орындалмай қалған соң екінші рет тәуекел етуге жүрегі дауаламай қа­лады. «Apple» компаниясының негізін қалаған Стив Джобс әр істі бас­тағанда табандылық керектігін ылғи да назарға алған екен: «Пысық бол. Әр кез зор мақсат қоя біл. Мың­даған ойдың ішінен тез арада, тиянақты түрде жүзеге асыратынын таң­да. Бірінші қадам – ең күрделі нәрсе. Еш ойланбай атта! Жүрегің мен түйсігіңе сенетіндей батыл бол!» – дейді.
Ел ішінен де істің көзін тауып кәсібін дөңгелентіп кеткен байлар туралы көптеген мысалдар табуға болады. Соған бір мысал келтірейік. Майлықожа бір топ адаммен көрші ауылға аттанғанда сол ауылдағы кедей жігіт өнерлі адамдармен жүргенді қызық көріп ілесіп кетеді. Атты адаммен жаяу тең емес, Қызылқұмның ішінде ат шалдырып демалып отырған Майлы ақынның қасына өкпесі өшіп жаяу жалпылап жеткен кедей өзінің жаяу жүргеніне, өнбеген ісіне налып, ақыннан кедейліктің мәнісін сұрайды. Ақын сағымға қарап ойланып, отырып кедейлік жігіттің басындағы міні, істің көзін таппаса, жігіттің бағы ашылмайтын соры екендігін түсіндіреді. Жігіт бұл сөзді ұққанымен нені ұқсату керектігін білмейді. Сонда Майлықожа Қызылқұмда өсіп тұрған тобылғыдан бір құшақ етіп қамшы сап шауып келуін тапсырады. Өздері шайын ішіп болғанша жігіт те бір құшақ тобылғыны жинап, ақынға әкеліп береді. Атына өңгеріп алған соң көрші ауылға барады. Кешке қарай ауыл адамдары Майлы ақынды көру үшін жиналады. Сол жиынның арасында қамшы өретін ұста да бар екен. Ұста Майлының атына өңгерілген бір қап тобылғыны бір қойға сатуын өтінеді. Майлықожа кедейдің көзінше саудаласып тобылғысын екі қойға сатады. Екі қойды кедейге беріп, әр істің көзін тапса тез баюға болатындығын айтып, жол көрсетеді. Кейін әлгі жігіт ел аузына іліккендей бай болған екен.
Қазіргі кезде елімізде ескі жүйеге негізделген, сол бағытпен жұмыс істеп келе жатқан мекемелер мен шаруашылықтар баршылық. Үкімет берген қаржыны жаратуды ғана білетін, өздігінен табыс көзін таба алмайтын шалажансар күн кешіп келе жатқан мұндай мекемелер елдің дамуына ешқандай да үлес қоса алмайды. Себебі ілгері қарай дамиын, қосымша қаржы көздерін тартуға қабілетті мекемеге айналайын деген ниеттері болмағандықтан, жаңаша идея­лар ойлап табуға да қабілетсіз болып қала береді.
Елбасы мақаласы осындай ұжымдарға сабақ болуы тиіс. Елге, жерге қызмет етсем деген патриоттық санадағы жастарды тың идеялармен қаруландыра білуіміз керек.
Елбасы өз мақаласында ұлттық бірегейлікті сақтау жайлы айта келе: «Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын мери­тократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жал­ғасқан тамыртаныстықты көтермейді», – деп көрсетеді. Демек, әркім өз бойындағы қабілеті мен икемділігін танытатын, сол арқылы өз жағдайын жақсарта алатын уақыт жетті деген сөз. Қазіргі кезде көптеген мамандар білдей бір университетті бітірген соң өзіне лайықты жұмыс таппай сандалысқа түседі. Жұмысқа орналасу үшін көпшілігі тамыр-таныстарын жағалап жүргенін көресің. Танысы арқылы жұмысқа орналасқан мамандардың кейбірі өз жұмысын алып кетуге қабілетсіз болып шығады. Себебі өзіндік идеясы жоқ, ізденіс қабілетін ұдайы жетілдіріп отырмаған, бәсекелестікке төтеп бере алмайтын әлжуаз, жігерсіз маман өзіне сеніп тапсырылған жұмысты өрге сүйрей алмайды. Ондай жасық маманды жұмысқа қабылдаған басшы да ұтылады, өзіне сенбейтін жас маман да өз деңгейін білген соң көбіне қара жұмысқа ауысып кетіп жатады. Қазіргі заман идеяластардың бәсекеге түсетін заманы. Жақсы кадр қай кезде де сұранысқа ие әрі ондай мықты кадрлар ылғи да тапшы болып келеді. Нарықтың қатаң заңдылығы қабілетсіздердің келеңсіздігін, коррупционерлердің жең ұшынан жалғасқан жемқорлығын көтеріп тұра бермейді.
Мұны «әкенің жиғаны балаға мал болмайды» деп атам қазақ дұрыс айтқан. Әке байғұс бар малын сарп етіп баласын оқуға түсіреді, оқу бітірген соң ол жұмысқа тұрып кетсін деп тағы да таныстарын жағалап жүріп пара береді. Біздегі қазіргі қоғамда орын алып кеткен келеңсіздіктің өзі осыдан келіп шығады. Дайын асқа тік қасық болса, онда жиған малдың қадірін түсінбеген бала барды босқа шашады. «Малды жиғанға бақтыр, отынды шапқанға жақтыр» дейді дана халқымыз. Әркім қолынан келетін іспен айналысуы керек. Кейінгі кезде ұрлық-қарлықтың, жұ­мыссыз бос сандалудың да белең алып кеткені рас, бұл қоғамдағы келеңсіздікке алып келуде. Бұның да өршуіне бірнеше факторлар себеп болып отыр. Кезінде кеңестік идеология адамдардың бәрін дайын нәрсеге үйретті. Алдымен балабақша, сосын мектеп, әскерде қызметін өтеп келген соң оқуға түсу, егер түспеген жағдайда ауылдағы бір мекемеге жұмысқа орналас­тыру. Өздігінен ештеңе ойламай, орташа жалақымен өмір сүруге бейімделеді. Бұл жүйе құлаған соң масылдыққа үйреніп алған өзіндік идеясы қалыптаспаған өзіне сенімсіз топтар табыстың жеңіл түрін табуды кәсіпке айналдырып алды. Экономика еш уақытта бір жер­де тұрмайды не алға жылжиды, не артқа кетеді. Ұлттық экономиканы алға жылжытып отыратын қашанда заманауи білім алған іскер жастар болмақ. Дамыған елдерде кіші бизнестің салмағы басқа салаға қарағанда қарқынды дамуының өзі әрбір идеясы бар жастардың өз мақсатын жүзеге асыруға жол ашып беріп отырады. Соның негізінде экономика да қарқынды дами бастайды.
Кез келген халықтың әлсіз тұсы оның кежегесін кейін тартып тұратын, алға жылжуға кедергі жасап отыратын өнімсіз пайымдары мен тар шеңбердің құр­сауында қамап ұстайтын, адымын аштырмайтын келеңсіз ырымдары болады. Бұлар игі бастамаларды болдырмауға тырысады, жаңалықты қабылдай алмаған соң салғырттыққа бастайды, себебі оған ескілікті көзқарастары мен үйрен­шікті әдеті әсер етіп тұрады. Елдің ішінде келеңсіздікке алып келетін жайттардың бірі рулық деңгейде ойлайтын сананың өзгеріссіз қалуы деуге болады. Мұндай кертартпа ойлар елдің дамуына серпін беретіндей тың идеялар бере алмайды. Елбасы өз мақаласында «Күн сайын өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес»,-деген болатын. Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы армандап өткен, ұрпағымыз «қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтындай» жерұйықта өмір сүруді аңсаған ізгі тілегі ақыры қабыл болды. Қазақстан Республикасы тәуелсіз ел атанды. Тәңірі жарылқап қолымызға тиген қасиетті тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау – кез келген қазақстандықтың қасиетті борышы! Бұл қасиетті борышқа әрқашан да сергек оймен қарауымыз керек. Сол елдің ұлтарақтай жерін бар жан-тәнімізбен қорғау, Отан үшін жанымызды шүберекке түйіп дайын тұру – әрбір кеудесінде намысы бар азаматтың мойнындағы міндеті. Руды айтқанда, сол елдің тәуелсіздігі үшін атқа қонған рухы биік батырларымызды мақтанышпен еске аламыз. Ол батыр бабаларымызды бір рудың шеңберінде ғана қарап, өзге рудың батырларынан артық не кем қоюға болмайды. Елі үшін атқа қонған батырлар ұранды жалпақ Алаш жұртына тастаған, ел басына күн туған қысылтаяң шақта күллі қазақтың намысы үшін әр руға ат шаптырып сауын айттырған. Себебі, Алаштың арда азаматтары күллі қазаққа ел ортақ, жер ортақ екендігін жақсы білген, еншісі бөлін­беген қазақ елі екендігін әрқашан да есте ұстаған. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, білек қосып, тізе біріктіре отырып жауын жеңіп отырған.
Қорқыт атадан бастап Асан қайғыға дейінгі абыз бабаларымыз желмаяға мініп, Жерұйықты іздеуінің мәні де мәңгілік ынты­маққа ұйыған тату елдің жарқын бейнесін қалыптастыру жолында жасалған ізгі қадамдары еді. «Мәңгі ел» болу идеясы тек қана бүгін туындап отырған көзқарас емес, бұл аталарымыз негізін қалаған бірігу идеясының санадағы қайта жаңғыруы деп түсінуіміз керек.
Біздің аталарымыз Байкалдан – Балқанға дейінгі байтақ жерлерге атпен барған, көптеген елдермен, әртүрлі ұлыстармен араласты, әр елдің жақсы әдеттерін бойына сіңіре білді. Ұдайы ат үстінде өмір кешкен бабаларымыз өзге ұлттармен араласа жүріп озығынан үйренді, олардың мәдениеті мен өркениетін де бойына сіңіріп отырды. Көптеген отырықшы халықтар өзге тілде сөйлесе, акцентпен сөйлейтіні бар, қазақтың бір ерекшелігі, кез келген тілде еркін сөйлеуінің де бір ерекшелігі ежелгі дәуірлерден бастап Еуразия даласында еркін көшіп-қонып жүруінде болса керек. Соның арқасында қазақ тілінде өзінің төл дыбысынан өзге де көрші халықтарында қолданатын сөздерден енген дыбыстарды ға­сырлар бойы қабылдауының ар­қа­сында акцентсіз айта алатын деңгейге жетті. Бұл да қазақтың бір ерекшелігі деуге болады, сөйлесе, сөзге мүдірмейтін шешендігі де оның артықшылығы еді. Қа­зақтың тарихы мен тілін зерттеген көптеген ғалымдар қазақ тілі­нің бай тілдердің қатарына жататындығын айтып кеткен. Ұлан-байтақ даламызда өмір сүріп жат­қан қазақ халқында шығысынан батысына дейін үш мыңнан астам шақырымдық далада мекен еткен ұлтымыздың тілінде ешқандай да диалекті болмауының өзі қазақ халқының ерекшелігінің біріне жатады. Дүниеде ұлтарақтай жерде өмір сүріп жатқан тайпалардың бірінің сөзін бірі ұқпайтындай күй кешіп отырғандары да ұшырасады. Ендеше рухы биік ата-бабаларымыздың бізге қалдырған осындай асыл қасиеттерін ұрпақтың бойына ұдайы сіңіріп отыруымыз керек. Бұл біздің ұлттық кодымыз болып табылады және мұндай асыл дүниелерімізді ұдайы жаңғыртып отыруға тиіспіз.
Елбасы өз мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең бас­ты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деп ұлттық код­қа айрықша назар аударады. Ендеше қазақ халқын тәрбиелеп келе жатқан, елдікке ұйытып отырған озық дәстүрін дамытуды жалғастыра беруіміз керек. Бойдағы асыл қасиетіміздің бірі – өзгенің ала жібін аттамау! Ұлан-байтақ даламызда еркін көшіп-қонып жүрген қазақ халқы көрші аймақтарда өтіп жатқан той-жиындарға емен-жарқын, ақ пейілде бір-бірін жатырқамай тікелей араласып кете беретін болған. Сырттан келген құдайы қонақты құдасындай сыйлаған, жолаушының атын ауыстырып, бар жылы-жұмсақты аузына тосып отырған. «Кісі ұрпағымен мың жасайды» деп ұрпақ тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген. Жастарды еркін ұстауға тырысқан, «он үште отау иесі» деп мүшелге толған баланы өзімен тең дәрежеде көрген. Ел басқару ісіне, үй шаруашылығын дербес жүргізуге баулып отырған. Қазақ жастары қанша еркін өссе де, қалыптасқан ұлттық дәстүр мен елдің абыройын бәрінен биік ұстаған. «Атаның емес, адамның ұлы бол» деп ұрпақты адам бо­йын­дағы жақсы қасиеттерді көре білуге баулыған, жігіттік намыс пен қыздың арын бәрінен жоғары қойған. Олар өз елдерінің намысты ұлдары екенін дәлелдеуге тырысатын болған. Той-томалақта өтетін қыз қуу, бәйге жарысы, қыз бен жігіт айтысы секілді ұлттық ойындарға өзге ауылдың қыз-келіншектері келгенде сыйлап төрінен орын ұсынған. Өз өнерімен танылған жастар қай жерде де сыйлы болған. Шілдехана, бесіктойларда күні бойы ұлттық ойындарды тамашалаған жастар кешке қарай ақ­сүйек ойнаған, алтыбақан теуіп, жігіттер мен қыздар өзара ән са­лып, айтысқа түсіп отырған. «Тең теңімен, тезек қабымен» деп көкірегі ояу жастар өздеріне жар болатын қыздарды айттырғанда, оның тегіне аса мән бере қараған. Бұл жағынан шаңырақ иесі әкесі мен атасының өзі деңгейлес текті жердің қызын айттыру дәстүрін балалары да құптап отырған. Тектілердің құда болғандығы туралы оқиғалар көптеп кездеседі, бұл дәстүр ел ішінде әлі де жалғасын тауып отыр.
Тектілікке ұмтылудың өзі біздің дәстүріміздегі рухани жаңғырудың бір көрінісі, бұл үрдіс те алдағы уақыттарда жалғасуы қажет. Ұлтымыздағы бекзаттық пен тектілік институтының қалыптасуы – санғасырлық жалғасы бар өткен тарихымыздың бірі. Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған ұлттың ұрпағы болғандығымызды ұдайы жастардың санасына сіңіріп отыру керек. Жастардың санасы халқымыздың осындай қасиетті дәстүрімен толығып, жаңғырып отырса, игі бастама болар еді.
Қазіргі заман – инновацияның дәуірі, идеялардың бәсекеге түскен уақыты. Тыңнан жол тапқан өнертапқыштар мен сол идеяны жүзеге асыруға ұмтылатын, озық идеяны әлемге таныту жолдарын іздейтін жанкешті бизнесмендердің әрбір сәтті қадамын көкірегі ояу, көзі ашық зиялы қауым ылғи да қолдап, моральді жағынан демеп отыруы тиіс. Мұндай істерді қолға алуда әр аймақта ашылып жатқан «Рухани жаңғыру» орталықтары да осындай іс-шараларға тікелей атсалысып отырғаны дұрыс. Тың идеяларды әкімшіліктермен бірге қолға алатындай жоспарлы жұмыстардың аясында қарастырып отыратын шараның меха­низм­дерін жетілдіре беру керек. Бұл өз кезегінде аймақтағы, ауыл мен қа­ладағы жастардың өз бойындағы қабілетті жетілдіруге, заманауи келбеттегі жұмыс орындарын ашуға, өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, елдің дамуын іл­гері жылжытуға деген тегеурінді стимулға жол ашатын болады. Адами капиталды дұрыс бағытқа бұру үшін ұлттық экономиканың даму бағыттары мен алдағы істелетін мүмкіншіліктерін ұдайы насихаттап отыру керек. Қазіргі заман –кері­сетін емес, келісетін, руыңмен оқшауланатын емес, ұлттық рухқа қызмет жасайтын уақыт. Қазақ елін әлемге таныту жолында ұлттық кодты дәріптей отырып, рухани мұрамызды жаңғырту идеясын дамытатын уақыт та келіп жетті.

Бақыт ӘБЖЕТ,
аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының
жетекші маманы, филология
ғылымдарының кандидаты,
доцент.

25 маусым 2018 ж. 984 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области