ТЖД ҰЖЫМЫ ЖУРНАЛИСТЕРДІ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Бұқаралық ақпарат құралдары еліміздің қоғамдық және саяси өмірін көрсететін төртінші билік өкілі екендігі ешкімге де жұмбақ емес. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының тұрғындарын, қоршаған ортасын, экономикалық әлеуеттілігін төтенше жағдайлардан қорғау егемен еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Журналистердің кәсіби шеберлігінің арқасында халқымыз еліміздегі өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ерлігі мен іскерлігін тани білді. Олардың жариялаған ақпараттарынан өрт сөндіру, аварияларды жою, оқу-жаттығуларды өткізу туралы хабар тұрғындарға жедел жете білді.
Осыған байланысты Қызылорда облысы ТЖД ұжымы Төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жұмыстарын көрсетуге белсене атсалысқан қалам мен микрофон иелерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Осы бағыттағы ізгі ниеті мен Төтенше жағдайлар департаменті ұжымының атынан құттықтау сөзін қанатты қалам иелеріне Қызылорда облысы ТЖД бастығының кеңесшісі Тұңғышбай Ботабаев жеткізді:
- Күн сайын орта есеппен 8-10 шақырулар түсіп, облыстық ТЖД өрт сөндіруші жауынгерлері мен құтқарушылары алапат өртті ауыздықтауға атсалысып келеді. Тұрғын үйлер, саяжай, учаске, автокөліктер өртенуде. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың мақсаты – төтенше жағдайды жойып, адам өмірі мен материалдық құндылықтарды құтқарып қалу. Журналистер осы кезде өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың қиын да қатерлі ерлігін көрсету үшін от кешіп кететіндері бар, - дед ол.
Облыстағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою бағытындағы іс-шараларға өз үлесін қосып жүрген бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін мерекелік сый-сияпаттармен марапатталды.