РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ТӨЛ АРНАМЫЗҒА БЕТ БҰРУ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – стратегиялық маңызға ие, жасампаз халқымыздың жарқын болашағын айқындайтын ой-толғам. Жарияланғанына жылдан асқан мақалаға халық осылай баға беріп отыр. Жалпы, рухани жаңғыру дегенді ұлттың мәдениеті, өнері, әдебиеті мен тарихы тұрғысынан жаңғыру деп түсінген дұрыс.
Аталған мақалада тарихи кезеңдерге сындарлы баға беріліп, қазақ елінің рухани даму бағыты айқындалған. Мемлекет басшысы қоғамның рухани жаңғыруына халықтың дәстүрі мен ұлттық мәдениеті негіз болуы тиіс екенін атап көрсетті. Мұндай бағытты ұстану кешегі күн мен бүгінді, бүгін мен ертеңді жалғастырады.
Елбасы мақаласында айтылған мәселелерді талдау мен насихаттау барысында қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын, соның ішінде арнайы жобаларды іске асыру былтырдан басталды. «Мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшуі», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері», «Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» атты арнайы жобаларды іске асыру жоспары талқыланып, тұжырымдамалық ұстанымдар мен қызметті одан әрі жетілдіру мақсатында Арал ауданында да бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылған.
Мәселен, рухани жаңғыру аясында «Туған жер» бағдарламасын ілгерілету және үйлестіру бойынша аудандық сарапшылар кеңесі, жобалық кеңсе және аудан әкімінің өкімімен «Арал ауданының 100 жаңа есімі» жобасы аясында түрлі салада қызмет атқарған тұлғаларды айқындау жөніндегі жұмыс тобы құрылып, оның отырыстары өткізілді.
Ал «100 жаңа есім» жобасына тәуелсіздік жылдары табысқа жеткен медицина, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосқан 17 адам ұсынылды.
Мақаланың «Тәрбие және білім» бағыты бойынша өткен жылы барлық кітапханада «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылды. Аталған акция аясында кітапханаға 300 дана кітап сыйға берілді. Білім беру орындары мен кітапханаларда 80-нен астам шара өткізілді. Жалпы, іс-шараға 2,5 мыңдай адам қамтылды.
«Отаным – тағдырым» бағыты бойынша 60-қа жуық шара ұйымдастырылып, оларға 3,5 мыңдай адам қатысты. Оның ішінде №4 қалалық кітапханада жерлесіміз, спорт майталманы Дабыс Қалауовтың «Туған елдің текті ұлы» атты танымдық лекциясы, №3 қалалық кітапханада Құдайберген Саржановтың «Аралдың айтылмаған ақиқаты» атты кітабы негізінде оқырман арасында кітапқа талдау жүргізілді. Барлық кітапханада жыршы Нұртуған Кенжеғұлұлының 130 жылдығына орай «Сыр сүлейі Нұртуған», «Сырдың дүлдүл ақыны», «Асқақ үнді алып ақын», «Сырлы жырдың саңлағы», «Қара сөзден жыр құйған сөз зергері» атты кітап көрмелері, оқырман конференциясы және жыр кештері ұйымдастырылды.
Биыл бұл бағытта аудандық және мектепішілік кітапханаларда түрлі шаралар өткізілуде.
«Рухани жаңғыру» бағдар¬ламасының «Кітап – білім бұлағы» бағыты бойынша 50-ден астам шара өткізілді. Оның ішінде кітапханаларда Жанқожа батырдың туғанына 240 жыл толуына байланысты «Ел тарихындағы ерен тұлға Жанқожа», «Ел қорғаған ер бабам», «Жауға жалаң қылыш болған Жанқожа», «Ер мен елдің рухын көтерген батыр» атты кітап көрмелері, ерлік сағаттары, таным сағаттары, патриоттық кештер оқушылардың таным көкжиегін кеңейте түскені сөзсіз. Сонымен қатар, дауылпаз ақын Зейнолла Шүкіровтың 90 жылдығына орай кітапханаларда «Ғазиз жүрек, қайсар жазушы», «Дарыны асқақ ақын», «Ыстық жүрек, алау жыр», «Теңізін әлем таныған» атты әдеби сағаттар, поэзия кеші, поэзия сағаты, патриоттық кештер, әдеби жыр кеші ұйымдастырылды.
Ал «Атамекен» кіші бағдарламасының «Жомарт жүрек» бағыты мен Елбасы мақаласының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауданнан шыққан азаматтар және ауыл тұрғындары 94 млн 170 мың теңгеге демеушілік жасап, қайырымдылық көмек көрсетілген.