РУХАНИ ДӘСТҮРДІҢ НЕГІЗІ – ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕДЕ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Тәрбие және білім», «Мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшуі», «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері», «Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» атты арнайы жобалар бары мәлім.
Облыста осы жобаларды іске асыру жоспары талқыланып, тұжырымдамалық ұстанымдар мен қызметті одан әрі жетілдіру мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, Арал ауданында бағдарламалық мақаланың «Тәрбие және білім» бағыты бойынша атқарылған жұмыстар туралы аудан әкімінің орынбасары айтып берген еді.
«Аталған мақаланың «Тәрбие және білім» бағыты бойынша аудандағы барлық кітапханада «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында кітапханаға 300 дана кітап сыйға берілді. Сонымен қатар, былтыр «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын насихаттау мақсатында «Асқақ арманды алаш ардағы», «Тұғыры биік тұлға» деген тақырыптарда поэзия, жыр кештері болды. Білім беру орындары мен кітапханаларда 80-нен астам шара өткізілді. Іс-шараға 2,5 мыңдай адам қамтылды.
Бұған қоса, «Отаным – тағдырым» бағыты бойынша 60-қа жуық шара ұйымдастырылып, оларға 3,5 мыңдай адам қатысты. Оның ішінде №4 Арал қалалық кітапханасында жерлесіміз, спорт майталманы Дабыс Қалауовтың «Туған елдің текті ұлы» атты танымдық лекциясы, №3 қалалық кітапханада Құдайберген Саржановтың «Аралдың айтылмаған ақиқаты» атты кітабы негізінде оқырман арасында кітапқа талдау жүргізілді.
Сонымен бірге аудандағы барлық кітапханаларда жыршы Нұртуған Кенжеғұлұлының 130 жылдығына орай «Сыр сүлейі Нұртуған», «Сырдың дүлдүл ақыны», «Асқақ үнді алып ақын», «Сырлы жырдың саңлағы», «Қара сөзден жыр құйған сөз зергері» атты кітап көрмелері, оқырман конференциясы және жыр кештері ұйымдастырылды. Жалпы, өткен жыл теңіз төскейіндегі қалың қауым үшін рухани серпіліс жылы болды» - деді ол.