ЕЛБАСЫНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН «АСТАНА» ХҚО-НЫҢ РЕСМИ АШЫЛУЫ ӨТУДЕ
Елордадағы Конгресс холл орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылу рәсімі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
АХҚО-ның ресми ашылуы Astana Finance Days форумының негізгі шарасы саналады. Салтанатты шараға Әбу Дабидің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид әл Нахаян, ірі халықаралық компаниялардың басшылары, ғылыми орта мен сарапшылық орталықтардың сарапшылары қатысып жатыр.
Айта кетейік, ағымдағы жылы шамамен 100 компания тіркеледі деп жоспарланған. Қазірдің өзінде 1 шілдеге дейін 50 компания тіркеліп үлгерген. Ал 2020 жылы олардың саны 500-ден асып жығылуы тиіс.
Естеріңізге сала кетсек, 2015 жылғы желтоқсанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты - қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі - ағылшын тілі болады.
АХҚО-ның міндеттері - қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету.