СЫР ӨҢІРІНДЕ ӘЛЕУМЕТТІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢАРТЫЛЫП ЖАТЫР
Бұған дейін өңірдегі 4 аудан орталығы газ құбырына қосылып, игілігін ел көрген болатын. Ал биыл Қармақшы ауданы Жосалы кентін газдандыру жобасының алғашқы кезеңі басталды. Бұл мақсатқа бюджеттен 555 млн теңге қаржы бөлініп, автономды газ тарату бекетінің құрылысы жүріп жатыр. Оған қоса «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырынан Жосалы кентіне қарай 15 шақырым жоғары қысымды бұрма-газ құбыры салынбақ. Сонымен қатар Қармақшы ауданы толықтай таза ауызсумен қамтылды. Аудан орталығына жаңадан 5 мың текшеметрлік су қоймасы салынып, екі елді мекендегі мыңнан астам үйге су тартылды.
Сақтапберген Медеуов, «Қазсушар» РМК бөлімше басшысы:
- Барлық елді мекенге су барған, тек Иіркөл, Жаңажол деген елді мекендерге кіргізілмеген еді, «Нұрлы жол» бағдарламасымен осы екі ауылды қосып, Иіркөлді бітірді, Жаңажолды осы айдың аяғына дейін бітіретін шамасы бар.