ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІ ҰЛЫҚТАЙЫҚ
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлтты ұйыстыруға, өткенімізді саралап, келешегімізді кемелдендіруге үндейді, «ұлттық кодты» сақтап қалудың сан алуан бағытын байыптайды. Осы бағдарламалық мақаласында ұлт көшбасшысы ұлттық рухани жаңғыруды жариялап, иірімі терең идеологиялық ұстанымның қадау-қадау қазықтарын қағып, шешімдерін белгілеп берді.
Тарихтың толқындарын таразылаудан басталып, ұлт болмысын барынша бағамдаумен байланысып, мемлекеттік атқаруы тиіс міндеттерін межелеп берген мақала біраз игілікті істің бастауы болды. Аталған мақалада «...халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлері мен тіліміз, музыкамыз бен жоралғыларымыз бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» - деген болатын Елбасы. Осы орайда ұмыт бола бастаған салт туралы айтпақпыз.
Екі жастың бас қосып, шаңырақ көтеруі табиғи құбылыс, онан қалды ата дәстүрі. Осы отау құрғанда жасалатын қазақы дәстүрдің ішіндегі ең маңыздысы – Өлі-тірі. Жоралғылардың жоғалып жатқанын ескерсек, ежелден келе жатқан бұл дәстүрге аз-кем тоқталып өткен артық болмас.
Қай кезде де «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген нақыл өз мәнін жоғалта қойған жоқ. Құдалар құда түсіп, қызға сырға салар уақытта "өлі-тірі" салтына арнайы мал ала келген. Бұл арада екі жақ өзара сөз байласып, жастардың бақыты үшін өлі мен тірінің алдында ант етеді.
Күйеу жігіттің беделі осы кәдемен тікелей байланысты болған. Той малы толымсыз болса, жеңгелері оны құдалардың бетіне басқан. Жиналған қауым ризашылықпен дәмнен ауыз тиіп, оң батасын берген. Осы арада мұсылмандық қағидасы бойынша дәмді ас беру де үлкен сауаптың бірі екені рас.
Ал құдалардың әкелгені көңілге қонымды болса, қыздың ата-анасының ел алдындағы мәртебесі жоғары болатыны тағы бар. Өлі-тірілерге әкелген мал еті жіліктеліп, тегіс таратылады содан кейін екі жақтың бірімен-бірі етене араласуына жол ашылады.
Қазақ қашанда «Құда болғанша хал-жайын сұрас, құда болған соң қолда бармен сыйлас» деген емес пе? Екі жас бақытты ғұмыр кешсе, құда да тыныш, құдағи да риза.
«Жақсы жерге түскен келін – келін, жаман жерге түскен келін – келсап», «Жібекті түте алмаған жүн етеді, келінді күте алмаған күң етеді» деген тағы бар. Үлгілі келін – жақсы ененің тәрбиесінің нәтижесі.
Халқымыз ежелден-ақ ұлт қасиетін санаға салт-дәстүрмен сіңіруге тырысты. Оны әдеппен әріптеп, тыйыммен тәрбиелейді. Жөн-жосықты жүйелендіре отырып ұрпақ тәрбиелеген емес пе?! Расында, тәрбие мәселесінде ұл мен қыз деп бөлген жоқ.
Дегенмен, қыз балаға ерекше назар аударған. Ақ жаулықты аналарымыз қыздарына қырық үйден тыйым салып отырды. Ал қазір ше?
«... Ішіне шынтақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың болады.
Ақыл айтсаң, ауырып қалатын,
Бедірей деген қызың болады», - деп Мөңке би ертеде өсиетті сөз қалдырған. Бес саусақ бірдей емес сондықтан. Қашанда ұлттық тәрбиені ұмыт қалдырмауымыз тиіс. Сонда отбасында тәлімді тәрбие көрген ұл-қыздың қатары көбейері сөзсіз.
А.ӘБДІҚАДЫРОВ,
ҚМУ-дың студенті