ТМККК ПЕН МӘМС ЖҮЙЕСІНІҢ МЕДИЦИНАЛЫҚ ПАКЕТТЕРІ
Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі пакеті Мемлекет басшысының биылғы Қақастан халқына арнаған Жолдаудағы тапсырмасы негізінде оңтайландырылып жатыр.
Тегін медициналық көмектің жаңа нұсқасы әрбір адамға шұғыл және алғашқы медициналық көмек көрсетуге, қоғамдық мәні бар ауруларды мемлекеттік бақылауға алуға негізделген.
Ал, ТМККК пакетінің жаңа үлгісімен қатар енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті оның кем-кетігін толықтырып, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, ұлт саулығының іргетасын қалауға ықпал етпек.
Бір сөзбен, шұғыл көмек пен мемлекет тарапынан реттеуді талап ететін саланың бәрі ТМККК пакеті есебінен жүзеге асырылады. Ал, кепілдік берілген тегін көмекке кірмейтін қосымша қызметтер МӘМС жүйесі арқылы көрсетіледі.
Амбулаторлық деңгейде берілетін тегін дәрі-дәрмекті әлеуметтік маңызы бар аурулар да, ТМККК шеңберінде динамикалық бақылауға алынатын науқастар да ала алады. ТМККК-ге кірмейтін науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету МӘМС есебінен жүргізіледі.
Сонымен қатар қазіргі кезде ТМККК мен МӘМС жүйесінің медициналық пакеттері кезең-кезеңмен жүзеге асуда.
ТМККК жаңа үлгісіндегі медициналық пакетіне:
Барша азаматтарға
1.Жедел әрдем және санитарлық авиация,
2.Бастапқы медициналық-санитарлық көмек
3.Шұғыл жағдайларда стационарды алмастыратын және стационарлық көмек
4.Паллиативті көмек
Әлеуметтік маңызы бар аурулар, негізгі созылмалы аурулар кезінде
1.Консультативті-диагностикалық қызмет
2.Амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету
3.Жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек
4.Туберкулезге шалдыққандарды медициналық оңалту
МӘМС (сақтандырылғандарға арналған) жаңа үлгісіндегі медициналық пакетіне:
1.Консультативтік-диагностикалық көмек:
•Ересектерді профилактикалық тексеруден өткізу
•Балаларды мамандандырылған деңгейде тексеру
•Бағасы қымбат зертханалық қызметтер: гормондар, дәрумендер, онкомаркерлер, антиденелер, ПЦР
•Бағасы қымбат диагностикалық қызметтер: КТ, МРТ т.б.
2.ТМККК пакетіне кірмейтін аурулар бойынша амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету
3.ТМККК пакетіне кірмейтін аурулар бойынша стационарды алмастыратын көмек көрсету
4.ТМККК пакетіне кірмейтін аурулар бойынша жоспарлы стационарлық көмек көрсету
5.Балалар мен ересектерді: кардиология, кардиохирургия, неврология, нейрохирургия, травматология, ортопедия салалары бойынша медициналық оңалту
Денсаулық сақтау министрлігі ауруларды пассивті диспансерлеу саясатынан белсенді динамикалық бақылау жүйесіне көшуді жоспарлап отыр.
Динамикалық бақылаудың бұл түрі пациенттердің тікелей қатысуымен жүргізіледі. Яғни, пациент емхана дәрігерімен бірлесіп, өз денсаулығын күн сайын бақылап отыруы тиіс. Мұндай менеджменттің жақсы нәтиже берері анық. Өйткені, ол тиімділігі төмен диспансерлеу жүйесіне қарағанда аурудың асқыну, мүгедектіктің көбею қаупін төмендетеді.
Былайша айтқанда, пациент белгілі бір өмір салтын ұстанып, дәрігер жазып берген дәрі-дәрмектерді уақтылы қабылдап, денсаулық жағдайын бақылап жүруі тиіс. Мысалы, қан қысымын, қандағы глюкоза мөлшерін, салмағын өлшеп, дәрілерді тұрақты ішіп тұруы керек.
Тағы бір айта кетерлігі, динамикалық бақылауға алынған пациенттер бұрынғыша диагностикалық қызметтердің негізгі түрлері мен салалық дәрігерлер консультациясын да тегін ала алады. Сондай-ақ, амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамту да тоқтатылмайды (ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылы 29 тамыздағы №666 бұйрығына сәйкес).
Осы шаралардың бәрі ауруды бақылауда ұстап, оның асқынып кетуіне жол бермейді.
Ал, пациенттің созылмалы дерті асқынып, ауыр жағдайға душар болып жатса тиісті медициналық көмек мемлекет есебінен көрсетіледі. Бір сөзбен, диспансерлеу тізімінен алынып, динамикалық бақылауға өтетін созылмалы ауруы бар пациенттер мемлекет қамқорлығынан қағылмайды деген сөз.
Бахыт ИСМАХАНБЕТОВ,
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»
КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры