ЦИФРЛАНДЫРУ: СЕРПІНДІ ДАМУДЫҢ ОЗЫҚ ҮЛГІСІ
Мемлекет басшысы Н:Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының негізінде қазір ауыл шаруашылығын жаппай цифрландыру біртіндеп жүзеге асып келеді.
Оның ішінде, аталған секторды жаңа технологияға негіздеу мақсаты тұр. Өйткені экономиканың тірегі саналатын агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру арқылы ел табысын еселей түсу – маңызды міндет.
Бүгінде көптеген дамыған елдер бұл салада озық цифрлы технологияның игілігін көруде.
Әбдісамат ӘБДІШ, тілші: – Цифрландыру. Бұл озық технологияның үздік үлгісін шалғайда жүрген шаруа да өз игілігіне икем¬деуде. «Электрондық үкімет» порталы арқылы қажетті мемлекеттік құжаттарына қол жеткізіп, шаруасын дөңгелетуде. Бұдан бөлек Жаңақорған аудандық ауылшаруашылығы бөлімінде арнайы «Өзіне-өзі қызмет көрсету» кабинеті жұмыс жасап тұр. Мұнда серіктестік пен қожалық төрағалары сала мамандарынан кеңесін алып, өздерінің «элек-тронды қолтаңбасымен» өтінім бере алады. Жоғары жылдамдықты ғаламтор, компьютермен қамтамасыз етілген бөлме шаруа қауымға тиімді.
Жаңақорған аудандық ауылшаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Серік Сейдуалиевтің айтуынша, жыл басынан бері «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бөлмесінде «Электронды Үкімет» порталы арқылы 136 мемлекеттік қызмет, мемлекеттік корпорациямен 63 қызмет түрі көрсетілген. Бұл да болса тұрғындар тарапынан белсенділік басым деген сөз.
Шаруа қожалық иелері көбіне «Электронды Үкімет», «Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайты», Elicense.kz порталын жиі пайдаланған. Сондай-ақ, министрліктің ресми сайты жанынан Qoldau.kz Бизнеске арналған цифралық платформасы да жұмыс жасап тұр. Бұл қосымшада шаруаға қажетті «Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген дизель жанармай үлестіру», «Астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік электрондық тізілімі», «Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану бойынша электрондық жоспарлар», «АӨК субьектілерінің электрондық кар тасы» сынды медиа-ресурстар орналасқан.
Оның ішінде қажетті мемлекеттік құжатына электронды түрде өтінім бере алады. Одан бөлек Qoldau. kz қосымшасында сан түрлі қызмет түрлері де бар. Яғни, «Сақтандыру өнімдері», «Геоақпараттық портал», «Көліктің серіктік мониторингісі», «Сауда алаңы», «Ауа райы қызметі», «Көлік логистикасы» секілді диқаншы қауым мен шаруа үшін қолжетімді ресурстар жасақталған.
Түптеп келгенде, мұның бәрі ауылшаруашылығы саласына серпін беріп, электронды құжат айналымын оңтайландыруға мол мүмкіндігі бар.