ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҚАСИЕТТІ ЖЕРЛЕРІ
Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін атап өткені мәлім. Туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды терең білуден басталатыны аян. Еліміздің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих. Оған сай сол өлкеде халқына пана бола білген, ел есінде қалған біртуар перзенттер бар. Ал, олар жайында жас ұрпақтың білгені абзал. Сондықтан, білім беру саласында өлкентану жұмыстарын жүргізіп, тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру қажет. Ел Президенті ұсынған «Туған жер» бағдарламасының мәні – осында.
«Екі Отан жоқ, жалғыз Отан - мекенің» деп жырлаған еді мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев. Сол айтқандай, Отанымыз жалғыз. Сол жалқы Отанның тарихы – өлке тарихынан бастау алады. Жас жеткіншектерді Отанды сүюге, елжандылыққа баулуда ұлттық тарихты зерделеудің маңызы зор.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың адам бойындағы отаншылдық қасиет тарихқа деген қадір мен құрметтен бастау алатынын айтты: «Патриот болу – өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа сеніп, қоғамға қызмет ету. Өз тарихыңды білмей, нағыз патриот бола алмайсың». Елбасының бұл сөзі осы міндетті тереңдете түсетіні анық.
Жаңақорған тарихы киелі Қаратау өңірінің сонау көне замандардан бастап Ұлы Далаға кең тараған көшпелілер өркениетінің ошағы болғандығын көрсетеді. Бүгінгідей жаһандану кезеңінде ұлттың тарихи жадын жаңғырту өзіңді сақтаудың тетігі болып табылады. Бұл үшін өлкетануға байланысты деректерді жүйелеп, елдің игілігіне айналдыру міндеті өзекті болып отыр.
Осы тұрғыдан келгенде облысымыз бойынша «Қазақстанның киелі жерлер» картасына облысымыздағы Жаңақорған ауданынан Сығанақ қаласының орны. Қорасан ата, Төлегетай және Қылышты ата кесенелері еніп, ұлттық статус берілді. Енді осы тарихи орындарға жеке-жеке тоқталып өтейік.
ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЕЖЕЛГІ АСТАНАСЫ
Сығанақ – қыпшақ хандығының, Ақ Орданың, Әбілқайыр хандығының, кейін Қазақ хандығының астанасы болған. Екі мың жылдық тарихы бар Сығанақ (VІ-ХVІІІ ғғ) қаласының орны «Сунақата» елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 2 шақырым жер¬де орналасқан. Ежелгі қалашық орны 5 бұрышты төбе, аумағы 20 гектардай жерді алып жатыр.
Кейінгі зерттеулерде қала аумағы 300 гектардан асатыны анықталып отыр. «Сығанақ» деген сөз су деген сөзден шыққан. Сулы қала деген ұғымды білдіреді екен. Орта ғасырдағы Сығанақтың саяси тіршілігі, мәдениеті биік болған. Халқы көп, сауда-саттық жоғары дамыды. Еділден, Каспий теңізінен, Қашқардан, Мәуереннахрдан сауда керуендері ағылған. «Сығанақ» атауы сонымен қатар ежелгі түркі тілінде «қамал», «қорған» деген мағынада қалыптасқан.
Сығанақ 1219 жылы Монғол шапқыншылығына ұшырады. Жошы әскері қаланы басып алады. Ақ Орда мемлекеті құрылып, Қасым ханның тұсында Сығанақ қаласы қазақ хандығының астанасына айналды. Ал Есім ханның тұсында хандықтың орталығы Сығанақтан Түркістанға көшірілді. ХХ ғасырдың 70-жылдары қалаға жан-жақты топографиялық зерттеу жүргізіліп, бұл қала ортағасырлық қалалар ішінде Отырар қаласынан кейінгі атақты екінші қала деген анықтама берілген. Қала орнына тұрақты археологиялық ізденіс жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университеті Археология институтының директоры С.Жолдасбаев қазба жұмыстарын 2003 жылдан бастап күні бүгінге дейін үздіксіз жалғастырып келеді.
ХОРАСАН АТА КЕСЕНЕСІ
Хорасан Ата кесенесі екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі Хусейн атаға арналып соғылған, екінші бөлігі Хусейн атаның әкесі Әбдіжалил бабқа (Хорасан Ата) арналып соғылған. Бөлмеде бұдан басқа жеті қабірдің мүрдесі жатыр.
Хорасан Ата кесенесіне 2006-2007 жылдары реставрациялау жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмысты Өзбекстаннан келген шеберлер атқарды. Кесененің күнбатыс жағына Меккедегі Қағбаның кескіндемесін қалап, тұрғызған. Құрылысқа жергілікті саз балшық пайдаланылған.
Хорасан Ата мазарындағы Қағбаның көшірмесінің биіктігі 5 метр, қабырғаларының ұзындығы 6,5 метрді құрайды. Оның солтүстігіндегі құдықтан зиярат етушілер су алып ішіп, қасиет тұтады.
ТӨЛЕГЕТАЙ БАБА
Жаңақорған ауданы орталығынан 30 шақырымдай қашықтықта Сырдарияның сол жағалау бетіндегі Әбдіғаппар ауылынан он шақырымдай жерде Төлегетай баба кесенесі тұр.
Айта кетейік, Төлегетай баба мен Қылышты ата кесенесі қатар орналасқан. Найман ата ұрпақтары 2008 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында осы бабаларымызға жаңадан тарихи-сәулеттік кесене тұрғызып, ас берді.
Қылышты Атаның өкіл қызына үйленген Төлегетай – қалың найманның түп бабасы болып шығады.
Төлегетай баба – ХІІ ғасырдың басындағы Күшілік ханның ұрпағы «наймандарды жер-жерлерге бөлген кезде Төлегетай ежелгі Өзгент, Түркістан өңіріне жіберіледі. Төлегетай мен Қылышты Сыр өңірінде кез болып, бірін-бірі құрмет тұтып өтеді.
ҚЫЛЫШТЫ АТА КІМ?
Шежіре деректеріне қарағанда, ХІІІ ғасырда Мәдина қаласынан келген Саид Камалиддин Ферғана сұлтаны Ілкі Мағзұмның қызына үйленеді. Ол кезде Ферғана мемлекеті батыс Қағанатының астанасы Өзгент шаһары болған. Саид Камалиддин Ілкі мағзұмның қызына үйленген соң Мекке-Мәдинаға қажылыққа барып, сол жақта дүние салады. Артында Ілкі Мағзұмның жүкті қалған қызы ұл туып, оның есімін Бурханиддин қояды. Жас Бурханиддин Ферғана сұлтаны Ілкі Мағзұмның тәрбиесінде болып, кейін нағашы атасының орнына таққа отырады.
Кейін өз еркімен тақтан түсіп, ислам дінін насихаттауды, дін жолында қызмет етуді алдына мақсат етіп қояды. Ол мұсылмандық парызын орындамағандарға өте қатал болады. Аңыз әңгімелерге қарағанда, оның екі жүзді қылышы болған екен. «Кімде-кім адалдықтан аттап, жаулық жасаса жазасын осы қылыштан табады» деп ескерткендіктен «Қылышты Ата» аталып кетеді.
Жаңақорған кентінен оңтсүтік батысқа қара 49 шақырым жерде орналасқа.Айқожа ишан кесенесі мен Ақтас мешіті – өңірлік маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштері тізімінде. Қазіргі уақытта ескерткіш қайта жөнделген, күмбездің үстіне металдан соғылған жарты ай орнатылған. Кесененің ортасында ақ матамен жабылған тікбұрышты ескерткіш орналасқан. «Ақтас» мешіті Айқожа ишан кесенесіне жақын жерде салынған.
Бұл мешіт Айқожа ишан дүниеден өткен соң 25 жылдан кейін ескі мешіт орнын жаңартып, 1882-1884 жылдары Айқожа ишанның немересі Атамағзұмның басшылығымен жергілікті халықтың күшімен салынады. Мешіт құрылысына Бұқарадан арнайы ұста шақырылады. Мешіттің етегінде емдік қасиеті бар бұлақ ағып жатыр. Тарихи орын 1982 жылдан бастап республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған.
Жаңақорған ауданы бойынша өңірлік маңызы бар қорғауға алынған айшықты мәдени ордалары қатарында Қарасопы кесенесі және Сығанақтың кесенесі бар.
Жалпы, Қызылорда облысы бойынша «Қазақстанның киелі жерлер» картасына 12 ескерткіш енсе, соның ең көбі Жаңақорған аймағында. Оның тізімін жоғарыда айттық. Қалған тарихи ескерткіштер – Жанкент, Жент, Шірік рабат қалалары, Қорқыт ата, Оқшы ата, кесенелері. Бұған қоса, өңірлік маңызы бар 35 ескерткіш қорғау аймағына белгіленді. Алдағы уақытта осы белгіленген қасиетті орындарға экспедиция ұйымдастырылып, энциклопедиялық жинақ құрастырылып, интерактивтік картасы жасалады.
Бұл аталған қасиетті орындардың барлығы келешек өңіріміздің көрнекті ландшафты ретінде туризмге сұранып-ақ тұр.
Б.ҮСЕЙІНОВА,
Жаңақорған ауданы